ЕҚЫҰ Қазақстанда су ресурстарын басқару саласындағы әлеуетті арттыруды қолдауда
2016 жылғы 6 қазанда Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен өткен су ресурстары саласындағы мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам мен академиялық ортаның 20-ға жуық жетекші сарапшыларына арналған жұмыс тобы отырысының басты тақырыбы су ресурстары мәселелері бойынша білім беру саласында халықаралық стандарттарды ілгерілету мәселесі болды.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекциясымен, Білім және ғылым министрлігімен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығымен және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Қатысушылар университеттерде су секторындағы қолданылып жатқан білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын қарастырды, су ресурстары саласындағы мемлекеттік білім беру жүйесінің кемшіліктері мен мұқтаждықтарын талқылады, және де осы жүйені жетілдіру бойынша нақты қадамдарды ұсынды.
«Су ресурстары саласындағы тиісті басқару ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік бойынша кешенді ұстанымының басымдықтарының бірі болып табылады», - деді Рати Джапаридзе, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Экономика және экология бөлімінің басшысы. «Жоғарыда аталған мәселе бойынша үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес сапалы білім беру стандарттарын іске асыру су ресурстарын басқару бойынша ертеңгі білікті мамандарды дайындауға жәрдемдеседі».
Болат Бекниязов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекциясының директоры: «Біз су объектілерін жобалау, құрылысын жасау, пайдалану және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы су ресурстары мәселелері бойынша болашақ мамандарды дайындауға баса назар аударуымыз керек, себебі бұл Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының алға қойған мақсаттарына жетудің негізгі құралы болып табылады», - деп атап өтті.
Іс-шара ұлттық деңгейде су ресурстарын бірлесіп басқару қағидаттарын енгізу бойынша Офистің көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады, және де шешімдерді қабылдау үдерісіне жастарды тартуға қолдау көрсету бойынша ЕҚЫҰ басымдықтарына сәйкес өткізілді.