ЕҚЫҰ Қазақстандағы азаптау құрбандарына жәрдемдесудің халықаралық стандарттарын алға тартуда
Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен БҰҰ азаптауға қарсы Стамбул хаттамасы мен техникалық стандарттары бойынша оқыту семинары 2016 ж. 3-қазанында басталды.
Төрт күнге созылатын семинар барысында Қазақстанның әр аймақтарынан келген 30 жуық прокурорлар, адвокаттар мен сот-медициналық сарапшылар азаптаудың мүмкін құрбандарын медициналық және психологиялық куәландырудан өткізудің халықаралық стандарты болып табылатын Хаттама ережелерінің мән-мағынасы мен қолданысы жайлы білетін болады.
Семинар кезінде ұлттық және халықаралық сарапшылар прокурорларды, адвокаттар мен сот-медициналық сарапшыларды азаптау туралы істерді тергеу, дәлелдер жинау және құжаттама дайындау қағидаларымен таныстыратын болады. Бұған қоса, оқытушылар арнайы талдау және түсініктеме беру дағдыларын шынықтыру үшін семинар қатысушыларын жекелеген сценарийлерді саралап-сараптауға, рөлдік ойындар мен ұқсастыру жаттығуларына жұмылдырып қатыстырады.
Қазақстан БҰҰ азаптауға қарсы Стамбул хаттамасының тарабы болмағанымен, заңнамаға таяуда енгізілген өзгертулер, атап айтқанда азаптау құрбандарына өтемақы беру мәселелерін реттеуге байланысты соттың таяудағы шешімдері оның ережелерімен үйлеседі.
«Мұндай оқыту семинарлары тергеу және қылмыстық қудалаудың техникалық стандарттарын алға тарту мақсатында орынды болып қана қоймай, елдің азаптаудың алдын алу және құрбандарды қорғау саласындағы жетістіктерін көрсетеді», – деді ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің адам құқықтары жөніндегі Кеңесшісі Сара Бонотти. Ол: «Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мұндай бастамаларға қолдау көрсетуін бұдан әрі де жалғастыратын болады», - деп айтты.
Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының проректоры Наиль Ахметзакиров: «Меніңше, семинар тыңдаушыларға өздерінің кәсіби деңгейлерін арттырып, азаптау деректерін тергеудің тиімді амалдарын меңгеруге және оларды іске қолдануға септігін тигізеді»,- деді.
Семинар Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елдегі қылмыстық сот төрелігінің реформалануына ұзақ мерзімді қолдау көрсетуі аясында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.