ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанда жарылғыш заттарды анықтау бойынша кинологиялық оқыту курсын аяқтауда
АСТАНА, 27 қыркүйек 2016 ж. – Бүгін Астана қаласында Аустрияның Сыртқы істер министрлігі, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі және Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен бірлесіп, ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған жарылғыш заттарды анықтау бойынша екі деңгейлі кинологиялық оқыту бағдарламасы аяқталды.
Іс-шара елдің қауіпсіздігіне төнетін трансұлттық қауіптермен күресте иттерді тиімді қолдану мақсатымен Қазақстанның құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыруға бағытталған. Оқыту бағдарламасының бірінші кезеңі 18 маусым – 12 тамыз аралығында Аустрия Ішкі істер министрлігінің Кинология орталығында, ал екінші кезеңі 5-27 қыркүйек аралығында Астанада өткізілді.
Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан және Мемлекеттік күзет қызметінің алты кинолог маманы Аустрия Ішкі істер министрлігінің Кинологиялық орталығы басшысының жетекшілігімен оқытудан өтті. Олар жарылғыш заттар мен олардың компоненттерін анықтауда кинологпен позитивті өзара әрекеттестікті пайдалана отырып, практикалық оқыту арқылы қызмет иттеріне арналған озық техникалар мен әдістерді пайдалана отырып оқытудан өтті. Қатысушылар мен олардың серіктері иттерді дайындау, іздеу негіздері мен пассивті-индикативті жүріс-тұрыстың теориялық негіздері бойынша оқытылды.
«Құқық қорғау органдарының қызметінде иттер түрлі қылмыстық әрекеттерді алдын алуда өздерінің тиімділігін дәлелдеді», - деді Елші Дьердь Сабо, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы. «Олар сондай-ақ түрлі, әсіресе трансұлттық сипаттағы қылмыстарды алдын алуда құқық қорғау органдарына қызмет етуде өздерінің бірегей қабілеттерін дәлелдеді. Қызмет иттерінің шеберлігін шыңдау айтарлықтай уақыт пен күш-жігерді талап ететіндіктен, иттерді оқытудағы ең озық халықаралық практикаларды қолдану осы үрдісті тиімдірек ете алады деп үміттенеміз».
Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джордж Крол: «Біз күнделікті өмірімізде кинолог мамандардың жасап жүрген өте маңызды жұмысын, соның ішінде стадионды футбол ойындарының алдында, концерттік залдарды және алдағы EXPO 2017 секілді ірі қоғамдық іс-шаралардың алдында тексеруді, әрдайым байқай бермейміз. Кинолог мамандар және олардың төрт аяқты әріптестерімен жүзеге асырылатын жұмыс шекара мен ел ішінде есірткі мен қару-жарақ контрабандасы мен террористік актілер секілді ауыр қылмыстардың алдын алады», - деп атап өтті.
Курс 2014 жылы қазан және 2015 жылы тамыз айында өткен оқу курсының жалғасы және Офистің трансұлттық ұйымдастырылған қылмыспен және терроризммен күресте Қазақстанның қабілетін арттыру бойынша көп жылғы қызметінің бөлігі болып табылады.