Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі жас дипломаттардың трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелеріне қатысуын қолдауда
ЕҚЫҰ қолдауымен өткен су ресурстарын тиімді басқару, климаттың өзгеруі салдарымен байланысты мәселелер мен шешімдер бойынша Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген 20-ға жуық жас дипломаттарға арналған оқыту семинары 2016 жылғы 23 қыркүйекте Алматы қаласында, Қазақстанда өз жұмысын аяқтады.
Бес күндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстан мен Германия Сыртқы істер министрліктерімен, Қазақстан-Неміс Университетімен тығыз ынтымақтастықта, сондай-ақ Тәжікстандағы ЕҚЫҰ Бюросының, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО), Қоршаған орта бойынша БҰҰ бағдарламасы және Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен ұйымдастырды.
Семинар қатысушылары трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайту, сонымен бірге Орталық Азия мен Ауғанстанның қуаңшылық орын алған аудандарындағы мүмкін шиеленістерді алдын алу мақсатында климаттың өзгеруі салдарына бейімделу саласындағы тұрақты саясатты қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
«Орталық Азия мен Ауғанстаннан келген жас дипломаттар су ресурстарын тиімді басқару қағидаттарын, соның ішінде осы мәселелердегі шешімдерді қабылдау үдерісі мен барлық мүдделі тараптардың белсенді ынтымақтастығын құру қағидаттарын түсінуі тиіс», - деді Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы. «Аталған жұмыс аймақтың алдағы тұрақты дамуының қажетті шарты болып табылады, сондықтан ЕҚЫҰ бұл үдеріске әрдайым сараптамалық қолдау көрсетуге дайын».
Маркус Кайзер, Қазақстан-Неміс Университетінің ректоры өз баяндамасында: «Алматыдағы Қазақстан-Неміс Университеті екінші жыл қатарынан Орталық Азия мен Ауғанстаннан келген жас мемлекеттік қызметкерлерді қабылдауға өзіне мәртебе санайды. Іс-шараның қатысушылары әлеуетінің артуы Орталық Азия өңіріндегі су ресурстарын алдағы тиімді басқарудың кепілі болып табылады, және де біз осы жұмысқа өзіміздің үлесімізді қосуға қуаныштымыз», - деді.
Семинар су ресурстарын басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Офистің көпжылдық жұмысының бөлігі болып табылады, және де су ресурстарын басқару саласындағы кешенді ұстанымының қолдануын және шешімдерді қабылдау үдерісінде жастардың қатысу маңыздылығын атап көрсететін ЕҚЫҰ басымдықтарына сәйкес өткізіледі.