Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мемлекеттік қызметкерлер мен қоршаған орта саласындағы жас басшыларға арналған Орталық Азияның көшбасшылық бағдарламасын ұйымдастыруда
АЛМАТЫ, Қазақстан, 19 қыркүйек 2016 ж. – Бүгін Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына жету және ынтымақтастықты нығайту бойынша жыл сайынғы Орталық Азияның көшбасшылық бағдарламасы Орталық Азия мен Ауғанстанның мемлекеттік органдары, үкіметтік емес ұйымдары, ғылыми саласы мен жеке секторынан келген 40-қа жуық жас көшбасшылар мен жауапты тұлғалар үшін басталды.
Тоғыз күндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығымен (ОАӨЭО), Норвегия Үкіметімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта бағдарламасымен, Еуропалық одақпен және АҚШ Халықаралық даму бойынша агенттігімен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Аталған бағдарлама трансшекаралық су ресурстарын басқару қағидаттарын ілгерілету мен жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ іс-шара қатысушылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға аса назар аудара отырып, тұрақты даму мақсаттарын талқылауға қолдау көрсету мақсатында өткізіледі.
ОАӨЭО-ның Атқарушы директоры Искандар Абдуллаев: «Аталған Орталық Азия бағдарламасы аймақтағы серіктестікті дамытудың тиімді құралы ретінде танылды. Осы бағдарламадан оқыған және өткен жылдардағы өзара ынтымақтастықтың тәжірибесінен қолдау алған қатысушылар аймақтағы қоршаған орта мәселелеріндегі жаңашылдар мен білікті мамандар болады», - деді.
«Су ресурстарын тұрақты басқару және жастарды қауіпсіздік мәселелерін шешуге жұмылдыру ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі кешенді ұстанымының басымдылығы болып табылады», - деді Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы. Сонымен бірге, ол өткен ұрпақтардың жинаған барлық білімін жылдам игеру және инновациялық әрі стандартты емес шешімдер ұсыну үшін өсіп келе жатқан ұрпақтың әлеуетін күшейту маңыздылығын атап айтты.
Жетінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан іс-шара Орталық Азия аймағындағы және одан тыс жерлердегі қоршаған орта жөніндегі ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму саласындағы аймақтық диалогты ілгерілетуге бағытталған ЕҚЫҰ-ның көпжылдық жұмысының бөлігі болып табылады.