ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен конференцияда жасыл технологиялармен алмасуға ықпал етуде
AСТАНА, 14 қыркүйек 2016 ж. – Жасыл технологиялармен алмасу және ынтымақтастықты нығайтуға назар аудара отырып, Жасыл Көпір Серіктестік Бағдарламасын (ЖКСБ) ілгерілету бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен өз жұмысын бастаған екікүндік конференцияның басты тақырыбы болды.
Конференцияға Армения, Аустрия, Белоруссия, Латвия, Ресей, Қырғызстан және Америка Құрама Штаттарынан келген мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар, бизнес-сектор және академиялық ортаның 150-ге жуық өкілі жиналды.
Конференцияға қатысушылар климат өзгеруінің салдарына ден қою жөніндегі халықаралық іс-әрекеттер аясында жасыл экономика қағидаттарына көшу саласындағы ең үздік дағдылар мен жинақталған тәжірибені талқылады. Сонымен бірге, талқылаулар ЭКСПО-2017 іске асырудың алдағы қадамдары ретінде Астанада құруға жоспарланған Жасыл технологиялар орталығы арқылы Қазақстанда және Еуразиялық өңірде ЖКСБ іске асыру перспективалары мәселелерін қозғады. Жаңа Орталық энергиялық тиімділік, энергияны сақтау, органикалық егін шаруашылығы және жасыл құрылыс саласындағы инновациялар үшін мүмкіндіктерді көрсетуге және үздік ноу-хаумен алмасуға жәрдемдеседі.
«Астана күн, жел, биогаз, теңіз және термальді сулар энергиясын қолдану саласында үздік әлемдік әзірлемелері мен трендтерін демонстрациялау үшін тиімді алаң болатынына сенеміз. Форум шеңберіндегі сұхбаттық алаң «жасыл экономика және технологиялар» саласындағы жаһандық-басымды инновациялар бойынша сындарлы ұсыныстардың катализаторы болады деп санаймын», - деді Энергетика Министрі Қанат Бозымбаев.
«Соңғы он жыл ішінде Қазақстан тұрақты даму және ынтымақтастыққа маңызды үлесін қоса отырып, жасыл өсу реформалары мен инновацияларын әрдайым алға басып келеді», - деп айтты Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы. «Офис Жасыл Көпір Серіктестік Бағдарламасы бастамасын қолдайды, сондай-ақ алдағы уақытта Жасыл технологиялар орталығын құруда сараптамалық көмекті көрсетуге дайын».
Конференцияның екінші күні Арнасай ауылында өтеді, онда қатысушылар энергия- және суды сақтайтын технологияларды енгізу, тамшылатып суару, күн жылыжайларын пайдалану, құрттарды өңдеу арқылы тыңайтқыштарды қолдану қағидаттарымен танысады.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Энергетика министрлігі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, «Жасыл» экономика және «G-Global» дамыту коалициясымен бірлесіп, Жапон сыртқы сауда ұйымы, Азиялық даму банкінің институты, Аустриялық Технология институты, Инвестицияларды ілгерілету жөніндегі Корея агенттілігі және Еуразия Ұлттық университетінің сараптамалық қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шара ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елдегі экологиялық қауіпсіздік бойынша ұстанымының бөлігі ретінде жаңартылатын энергия көздері мен жасыл өсу стратегиясын ілгерілетуге бағытталған көпжылдық жұмысының бөлігі болып табылады.