ЕҚЫҰ ақшаның жылыстатылуы және лаңкестіктің қаржыландыруына қарсы әрекет қолдану бойынша семинарды қолдауда
АЛМАТЫ, Қазақстан, 7 қыркүйек 2016 ж. – Бүгін Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен 60-қа жуық бағалы қағаздар нарығы, банк, сақтандыру және мемлекеттік секторлар өкілдеріне арналған ақшаның жылыстатылуы және лаңкестіктің қаржыландыруына қарсы (АЖ/ЛҚҚ) әрекет қолдану бойынша үшкүндік оқыту семинары басталды.
Қазақстан, Украина және АҚШ-тан келген сарапшылар сақтандыру, банк іс-әрекеттері және бағалы қағаздар нарығы саласындағы операциялар кезіндегі АЖ/ЛҚҚ саласындағы тәуекелге бағдарланған ұстанымды қолдану жолын талқылады. Сонымен бірге семинар қатысушылары АЖ/ЛҚҚ саласындағы ұлттық заңнамадағы соңғы өзгерістер, қаржылық айла-амалдар схемалары, сондай-ақ қаржылық қылмыстарды тергеуде құқық қорғаушы органдар мен жеке сектор өкілдері арасындағы өзара іс-әрекетті нығайту жолдарын қарастырды.
«Ақшаның жылыстатылуы және лаңкестіктің қаржыландыруы кез-келген экономиканың қызмет жасауы үшін қауіп-қатер тудырады», - деді Арда Игембаев, Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті басқармасының басшысы. «Тәуекелге бағдарланған ұстанымды қолдана отырып, біздің Комитет АҚ/ЛҚҚ саласындағы халықаралық міндеттемелерге сәйкес келу үшін тиімді жүйені құруда».
«Қылмыскерлер ақшаны жылыстату және заңсыз іс-әрекеттерді қаржыландыру үшін қаржылық және қаржылық емес жүйені жиі қолданады», - деп айтты Рати Джапаридзе, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Экономика және экология бөлімінің басшысы. «ЕҚЫҰ осындай қауіпсіздіктің қауіп-қатерлерін жою немесе азайту үшін оларға қарсы ден қоюдың тиімді және икемді механизмдерін әзірлеуде Қазақстанға алдағы уақытта қолдау көрсетуге дайын».
Семинарды Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті, Астанадағы АҚШ елшілігі және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен ынтымақтастықта ұйымдастырды. Іс-шара тиімді басқару және ақшаның жылыстатылуы мен лаңкестіктің қаржыландыруына қарсы әрекет қолдану саласындағы Офистің ұзақ мерзімді жұмысындағы төрт оқыту семинары топтамасының ішіндегі үшіншісі болып табылады.