ЕҚЫҰ Қазақстандағы түрмеге отырып шыққандарды қайта әлеуметтендіру стратегиясы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды
АСТАНА, 6 қыркүйек 2016 жыл - Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен түрмеге отырып шыққандарды қайта әлеуметтендіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға 40 астам жоғары шенді мемлекеттік қызметшілер, халықаралық сарапшылар, құқықтанушылар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисі ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен, Парламент Мәжілісімен (төменгі палата) және Халықаралық түрме реформасымен бірлесе отырып ұйымдастырған шара барысында «Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес дайындалған темір торға отырып шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалту стратегиясының жобасы таныстырылды.
Ұлттық және халықаралық сарапшылар түрмеге отырып шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалтудың ағымдағы беталыстары мен проблемалы тұстарын талқылап, халықаралық озық тәжірибемен бөлісіп, темір торға отырып шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құру стратегиясының жобасын жетілдіру жолдарын қарастырды.
«Біз адам құқықтарының халықаралық мойындалған стандарттарын алға тарту, жергілікті билік пен азаматтық қоғамды оқыту және олардың әлеуетін арттыру арқылы түрме жүйесін модернизациялау мәселелері бойынша құқық қорғау органдары, азаматтық қоғам және халық арасында диалог пен ынтымақтастықтың алға ілгерілетуге әрі де қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп бөлісті ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо.
«Кешенді қайта әлеуметтендіру стратегиясының қабылданып, тиімді оңалту жүйесінің қалыптасуы түрмеге отырып шыққандардың жұмысқа орналасу мәселелері мен күнделікті тұрмыстық мәселелерін шешуге септігін тигізіп, осының арқасында рецидивтің алдын алуға септігін тигізеді», – деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов.
Дөңгелек үстел түрмеге отырып шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесіне ықпалдастық етуге қолдау көрсету үшін Офистің заңнама мен саясатты жетілдіру саласындағы ұзақ мерзімді жұмысы аясында өтті. Аталмыш шара сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселесіне арналған былтырғы Үшінші түрме форумының жалғасы болып табылады.