ЕҚЫҰ Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесуде
ТАРАЗ, Қазақстан, 19 тамыз 2016 жыл – Бүгін Тараз қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі әйелдер кәсіпкерлігін ілгерілету мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті, онда Парламент, Жамбыл облысы әкімдігі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бизнес құрылымдар және азаматтық қоғамның 50 жуық өкілі қатысты.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің одағымен ынтымақтастықта ұйымдастырған дөңгелек үстелдің қатысушылары өңірлердегі кәсіпкер-әйелдер тап болатын сын-тегеуіріндерді, сондай-ақ заңнамалық және институционалдық тұғырнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады. Олар микрокредит көздеріне әйелдер қолжетімділігіне қолдау көрсету, кіші және орта бизнесті дамыту үшін бағдарламалар сияқты қаржылық және экономикалық құралдарды зерттеді.
«Аталған іс-шара әйелдерге күнделікті кәсіпкерлік қызметтерінде көмектесуге бағытталған» - деді Меруерт Қазбекова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты және Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағының Төрайымы. «Аталған бастама ауылдық өңірлердегі жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдесетініне, осылайша елдің экономикалық өсуіне алып келетініне сенеміз».
Рати Джапаридзе, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Экономика және экология бөлімінің басшысы, ЕҚЫҰ іске асырылып жатқан бағдарламалардағы гендерлік тепе-теңдік маңыздылығын атап өтіп, былай деді: «Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларындағы әйелдерді көптеп жұмылдыру үшін олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және іскерлік дағдыларын жетілдіру маңызды фактор болып табылады. Офис осындай бастамаларда сарапшылық көмек көрсетуге дайын».
Дөңгелек үстелден кейін Жамбыл облысының ауылдық өңірлерінде тұратын әйелдердің дағдыларын жетілдіруге бағытталған қаржылық басқару және бизнес жетекшілік бойынша оқыту семинары өткізілді.
Аталған іс-шара Офистің гендерлік тепе-теңдікті және қабылдаушы елдегі экономикалық мүмкіндіктерді ілгерілетуге бағытталған көпжылдық жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.