ЕҚЫҰ Қазақстанда процессуалды келісім мәселелері бойынша оқыту жүргізуге қолдау көрсетуде
АСТАНА, Қазақстан, 20 маусым 2016 жыл. - Қазақстанның әр облыстарынан келген 30 прокурор мен қорғаушыларға арналған «Процессуалды келісім және процессуалды прокурорлардың қылмыстық сот өндірісіндегі рөлі» тақырыбындағы оқыту семинары бүгін ЕҚЫҰ қолдауымен Астана қаласында өз жұмысын бастады.
Үш күндік семинар барысында қатысушылар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің тиісті ережелерін талдау мен қолдануға қатысты мәселелермен танысатын болады. АҚШ пен Украинадан келген халықаралық сарапшылар қатысушыларға қылмыстық сот өндірісінде процессуалды келісімді пайдаланудағы озық тәжірибемен таныстырып, сотқа дейінгі іс жүргізуде прокурорлардың атқаратын рөлі жайлы баяндайды. Семинар барысындағы қызу талқылау мен пысықтау жаттығулары қатысушылар арасындағы терең түсінік қалыптастырып, тәжірибелік дағдыларын машықтайды деп күтілуде.
Жаңа кодекске таяуда ғана енгізілген процессуалды келісім және процессуалды прокурорлар ұғымы қылмыстық сот өндірісін жеңілдетіп, Қазақстанда қылмыстық сот төрелігінің бұрынғыдан да тиімді, әрі тиімді жүйесінің дамуына ықпал етуге бағытталған. Аталған институттар 2015 жылдың қаңтарында кодекс өз күшіне енген сәттен бастап қолданылып келеді.
Колин Маккаллоу, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі: «Жеңілдетілген қылмыстық сот өндірісі, ресурстарды үнемдеу және қатысушылардың процессуалды құқықтарын сақтау арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз ету маңызды болып табылады», – деді. «Бұл тергеу органдарының жоғары кәсіпқойлығы, халықтың барлық топтарының жоғары құқықтық сауаттылығы және сыбайлас жемқорлықтың болмауы сияқты факторларды қажет етеді».
Наиль Ахметзакиров, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының проректоры: «Процессуалды келісімнің мақсаты кейбір тергеу шаралары және түгелдей сот процессін өткізбей-ақ қылмыстық істің жеңілдетілген жолмен шешілуі болып табылады. Бұл қорғаушы мен прокурордың жоғары кәсіпқойлығын талап етеді», - деді.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен Құқық қорғау органдары академиясы бірлесіп ұйымдастырған аталмыш шара Офистің Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігі секторын реформалауға қолдау көрсету жолындағы ұзақ мерзімді жұмысының аясында өтті.