ЕҚЫҰ 2011 жылғы Вена Құжаты бойынша Қазақстанда өңірлік семинар өткізуде
АСТАНА, 24 мамыр 2016 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен 2011 жылғы Вена Құжатының іс жүзіндегі қолданысы және сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту бойынша Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің 50 жуық әскери қызметкерлеріне арналған оқыту курсы басталды.
Аталған төрт күндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп және ЕҚЫҰ далалық миссияларының қолдауымен ұйымдастырды.
Франция, Венгрия, ЕҚЫҰ Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің әскери және азаматтық сарапшылары өз тәжірибесімен бөліседі. Қатысушылар 2011 жылғы Вена Құжатының өзекті элементі болып табылатын сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары саласындағы дамуды, сондай-ақ тексеру рәсімдері, тәжірибемен алмасу мен қару-жарақ пен жабдықтар жүйелерін көрсету секілді оның жүзеге асу аспектілерін талқылайды.
Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров: «Әрдайым ынтымақтастық, ашықтық, сенімді нығайту мен тексеру тәртібі қағидаларымен сипатталатын Вена Құжаты ЕҚЫҰ әскери-саяси өлшемі қызметінің ең маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Және де біздің жыл сайынғы семинарларымыздың басты мақсаты Вена Құжатының «баптарын» оқып білу бола тұра, іс-шараларымыздың аталмыш құжаттың «рухымен» тәнті болуы да аса маңызды», - деп атап өтті.
«ЕҚЫҰ 2011 жылғы Вена Құжаты шеңберінде аймақ елдері қорғаныс күштерінің өзара іс-әрекетін нығайту арқылы сенім және қауіпсіздікті күшейту мәселелеріне баса назар аударады», - деді Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Басшысы. «Вена Құжатының ерекше сипаты оның тек ықтимал қақтығыстың өрбуін тойтару қабілетінде ғана емес, елдер арасындағы әскери іс-қимыл мүмкіндігін болдырмайтындай мемлекетаралық қатынастарды орнатуға қолдау көрсете алатындығында».
Робин Моссинкофф, ЕҚЫҰ Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумының Басшысы, ЕҚЫҰ қолдауымен ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттер тарапынан сенімді нығайту бойынша жүзеге асырған жұмысты атап өтті. Ол аталмыш жұмыс тек Вена Құжаты бойынша ғана емес, Қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілері бойынша мінез-құлық кодексі, Атыс қаруы мен жеңіл қару және дәстүрлі оқ қорлары туралы құжат секілді келісімдер шеңберінде жүзеге асқанын түйіндеді.
Оқыту курсы шеңберінде теориялық жаттығулар мен 27 мамыр күні Астана маңындағы 36-шы десанттық-шабуылдаушы бригадаға оқу тексеру сапары болады. Қатысушылар Вена Құжаты баптарына сәйкес сәйкестілік пен тексеру бойынша бағалау жүргізіп, есеп дайындайды.
Вена Құжаты барлық ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттерімен қабылданған және оларға өздерінің әскери күштері мен әскери қызметі туралы ақпарат алмасуды жүктейді. Сонымен қатар, құжатта сәйкестілік пен тексеру туралы баптар, мысалға тексерулер мен есептеме жүргізу мен беру, сонымен қатар тәуекелді азайту, әскери байланыстар мен ықпалдастық және әскери қызметтің нақты түрлері бойынша алдын ала хабарлама беру мәселелері қамтылған.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанда Вена Құжаты бойынша оқыту курстарын 2006 жылдан бастап ұйымдастырып келеді. Оқыту курсы сенім және қауіпсіздік шаралары жөнінде хабардар болуды және аймақтағы қауіпсіздікті нығайту бойынша Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.