Адамның жеке бас құқықтарын қамтамасыз ету Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен өтудегі конференцияның назарында
АСТАНА, 12 мамыр 2016 жыл – Бүгін Астанада заманауи қоғамда адамның жеке бас құқығын қамтамасыз етудегі ағымдық үрдістер мен сын-тегеуріндер мәселелері ЕҚЫҰ қолдауымен өтетін жыл сайынғы «Шәйкенов оқулары» аясында басталған халықаралық конференцияның күн тәртібін құрады.
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы ең көрнекті заңтану ғалымдары мен мемлекеттік қайраткерлердің бірі Нағашыбай Шәйкеновтың құрметіне өткізілген іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен Әділет министрлігінің Заңнама институты бірлесіп ұйымдастырды.
80 жуық қатысушы, соның ішінде мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғалары, Парламент депутаттары, ғылыми қауымдастық, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар өкілдері, қызметтегі заңгерлер, жергілікті және халықаралық құқықтық сарапшылар қолданыстағы қылмыстық, азаматтық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау заңнамасында жеке құқықтарды қорғауға байланысты мәселелердің кең ауқымын талқылайды. Талқылау азаматтардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, қолданыстағы заңдар мен нормативтік базаның сапасы, әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп кәсіпорындарының экологиялық зиянсыздығы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының тиімділігі тақырыптарын қамтиды. Қазақстандағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкілді құру аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылатын болады.
Зәуреш Баймолдина, ҚР Әділет министрінің орынбасары: «Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің озық тәжірибелері негізінде бес институционалдық реформалар шеңберінде қазіргі таңда бірқатар мүлдем жаңа кодекстер және оған байланысты қылмыстық, азаматтық және еңбек құқығы саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілді», - деп айтты.
«Адам құқықтарының қазіргі тұжырымдамасы азаматтық қоғамның мүшесі ретінде жеке тұлғаның еркіндігі мен автономиясын қамтамасыз етуге, оның ішінде кез келген заңсыз араласуға қарсы құқықтық қорғауға бағытталған жеке құқықтарды бірінші орынға қояды», - деп атап өтті Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы. «Сондықтан да, жеке бас құқықтарын қорғау жөніндегі нақты тетіктерді жүзеге асыру ерекше маңызды болып табылады».
Сонымен бірге қатысушылар Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы және «Бес институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам» ұлт жоспары белгілеген басымдықтар шеңберінде ұлттық құқықтық жүйенің дамуын талқылайды.
Конференция Қазақстандағы құқықтық жүйені реформалау барысын қолдаудағы Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.