ЕҚЫҰ интернетте пікір білдіру бостандығы мен төзімсіздік лексикасы бойынша Қазақстанда семинар өткізуде
АСТАНА, 19 сәуір 2016 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен интернетте пікір білдіру бостандығын қорғау мен төзімсіздік лексикасына қарсы іс-әрекет бойынша екі күндік оқыту семинары басталды.
40-қа жуық журналистер, заңгерлер, ғылыми қызметкерлер, ҚР Әділет, Ішкі істер, Инвестициялар және даму министрліктері, Бас Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталығы және Жоғарғы Сот өкілдері БАҚ пен төзімсіздік лексика саясаты арасындағы өзара қатынас, сондай-ақ үкіметтер, азаматтық қоғам мен БАҚ саласында жұмыс жасайтын ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылау мақсатымен бас қосуда.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанда орналасқан үкіметтік емес ұйым «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорымен бірлестікте ұйымдастыруда.
Семинар барысында Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы сарапшылары журналистер мен интернет желісін пайдаланушылардың қолданатын лексикасының үрдістерін айқындау үшін жекелеген онлайн-ресурстарға талдау жасайды. Қатысушылар БАҚ пен интернетте төзімсіздік лексикасымен қарсы күресу тетіктері, троллинг, кибербуллинг пен төзімсіздік лексиканы қоса алғанда агрессивті интернет-орта мен адамның деструктивті мінез-құлқының зиянды ықпалын азайту жолдарымен танысады. Сонымен қатар олар ықтимал шиеленісті жағдайлар тұрғысынан мәтінді сараптауға үйренеді. Аталмыш іс-шараның нәтижелері нақты тәжірибелік жағдайларда негізделген ұсынымдардың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Интернет ақпаратты қабылдау және тарату үшін таптырмайтын құралға айналды», - деді Колин Маккалоу, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі. «Дегенмен, оның неғұрлым кең қолдануымен қатар, басқа тұлғаларға қатысты жеккөрушілік пен төзімсіздікке немесе оларды зорлық-зомбылыққа үндейтін мазмұнға қарсы тұру жолдарын табу арқылы біз киберкеңістікте сөз бостандығын қорғау секілді қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін қарастыруымыз қажет».
Диана Окремова, «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ директоры келесідей атап өтті: «Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни өшпенділікті өршіту» бабы бойынша 88 қылмыстық іс тіркелді. Интернет пен оны пайдаланушылар санының даму қарқынын ескере отырып, осы тақырып аса өзекті және сезімтал болып келуде. Біз осы семинарларды адамдарға заң және құқық бұзушылықтардың салдарын түсінуге көмектесу мақсатымен ұйымдастырдық».
Аталған тақырыптағы семинар 21-22 сәуір аралығында Алматы қаласында да өтеді.
Іс-шара ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елде БАҚ бостандығы мен пікір білдіру бостандығын дамыту бойынша жұмысының шеңберінде өткізілуде.