ЕҚЫҰ Қазақстанда құжаттар қауіпсіздігі мәселелері бойынша шекаралық қызмет офицерлерін оқытуда
АЛМАТЫ, Қазақстан, 28 наурыз 2016 ж. – Бүгін Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен Қазақстанның шекарашыларына арналған құжаттар тұтастығы және жалған құжаттар мен ықтимал алаяқтықты анықтаудың озық әдістемесі бойынша бес күндік оқу семинары басталды.
Іс-шараны елдің барлық өңірлерінен 20-ға жуық шекарашылары үшін Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бірлесіп ұйымдастырды. Оқу бағдарламасы әуел бастан ЕҚЫҰ Трансұлттық қатерлерге қарты іс-қимыл департаментінің Лаңкестікке қарсы күрес басқармасымен әзірленіп, Қазақстанның белгіленген басымдықтарына сәйкес бейімделген болатын.
Аустрия мен Қазақстан сарапшылары халықаралық құжаттар қауіпсіздігі саласындағы үздік тәжірибемен алмасады, оның ішінде жалған жол жүру құжаттарын анықтау, құжаттарды бақылау, құжаттарды қорғау үшін қағаз және пластикалық түптөсемдерді пайдалану, дәстүрлі баспа техникасы, фотосуреттерді қорғау, қайта тексеру, шекарадан өту барысындағы тіркеуде ықтимал қылмыскерлерді анықтаудың профильдеу және психологиялық әдістері мәселелері қамтылады. Оған қоса қатысушылар жалған құжаттарды анықтау мақсатында жедел хабардарлықты арттыру бойынша Аустрия Федералдық ішкі істер министрлігі дайындаған оқу материалдарымен қамтамасыз етіледі.
«Адамды сәйкестендіруді растау қабілеті сіздің еліңізге заңсыз енуді алдын алудың өзекті құралы болып табылады. Бұл басқа елдердің өз құжаттарын шығару мен тексеру жолдарын терең түсінуді талап етеді, және осындай тәжірибемен алмасу елдер ынтымақтасуының ең ұтымды бағыты болып табылады», - деді Колин Маккалоу, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Саяси мәселелер бойынша кеңесшісі.
Полковник Марат Мағжанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шекаралық бақылау басқармасының бастығы, келесідей атап өтті: «Осы саладағы бірлескен халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы трансшекаралық сипаттағы заңсыз миграция, экстремизм мен лаңкестіктің таралуы секілді жаһандық қауіп-қатерлердің өрбуімен байланысты. Аталған қатерлер барлық мемлекеттердің шекаралық бақылау органдарының шоғырландырылуы мен ынтымақтастығын талап етеді. Осылайша, бүгін біз Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі арасындағы ынтымақтастығымызды жалғастырудамыз».
Семинар Қазақстанда шекара қауіпсіздігі концепциясын дамыту бойынша Офистің ұзақ мерзімді қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.