ЕҚЫҰ Қазақстанда пәрнек газдарының шығарылуын қысқарту бойынша конференцияға қолдау көрсетуде
АСТАНА, 10 наурыз 2016 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен пәрнек газдарының шығарылуын қысқарту жолындағы үкіметтің нақты қадамдары жөнінде конференция өтті. Ұлттық және халықаралық сарапшылар энергияны ұтымды пайдалануды ынталандыру және «жасыл» технологияларды енгізу тәсілдерін зерттеу жөнінде ұсынымдарды табыс етті.
Парламенттің, сыртқы істер, энергетика, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ бизнес, ғылыми қауымдастықтар, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның 50-ге жуық өкілдері Қазақстанның Климат жөніндегі Париж келісімі шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін қарастыру үшін бас қосты.
Сонымен қатар, қатысушылар пәрнек газдарының шығарылуын төмендету жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын қарастырып, пәрнек газдарының шығарылуын қысқарту бойынша Қазақстан стратегиясын жүзеге асыру ұсынымдарын әзірледі.
ҚР Энергетика Вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев: «Қазіргі энергетикалық және қаржылық дағдарыстар жалпы тұрғыдан экономикалық даму парадигмасын өзгерту және жоғары, энергия сақтайтын технологияларды енгізуге ауысуды, сондай-ақ жаңартылмалы энергия көздерін енгізуді талап етуде», - деп атап өтті. «Осы басымдықтар 2020 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 25%, ал 2050 жылы 50% төмендетуге, және 2050 жылы электр энергияны өндірудің жалпы көлемінде жаңартылмалы энергия үлесін 50% жеткізуге бағытталған».
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Басшысы Дьёрдь Сабо келесідей атап өтті: «ЕҚЫҰ үшін энергия қауіпсіздігі тақырыбы тұрақтылық және жаппай қамтитын қауіпсіздікпен мызғымас байланысты. Сондықтан біз климаттың өзгеру салдарынан туындайтын қауіптердің маңыздылығы және тұрақты экономикалық даму мүмкіндіктері жайында хабардарлықты арттыруға айтарлықтай көңіл бөлеміз. Шешім қабылдау үдерісіне ғылыми қауымдастық және халықаралық сарапшыларды қоса алғанда, барлық тараптарды тарту аталған тәсілдің өзекті факторы болып табылады».
Іс-шара Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Энергетика министрлігімен бірлесіп, әрі Жасыл академия, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоры (GIZ) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара Офистің қабылдаушы елде жасыл өсім және тұрақты даму қағидаттарын насихаттау бағытындағы ұзақ мерзімді жұмысы шеңберінде өткізілді.