Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанда іс жүргізу құқықтары жөнінде жоғары деңгейлік талқылауды қолдауда
АҚ-БҰЛАҚ, Қазақстан, 3 наурыз 2016 ж. – Бүгін Алматы маңындағы Ақ-бұлақта ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексін қолдану және іс жүргізу құқығын жетілдірудің басты бағыттары жөніндегі үш күндік дөңгелек үстел басталды.
Конституциялық Кеңес, Бас Прокуратура, Жоғарғы Сот және Президент Әкімшілігі, сондай-ақ сот органдары, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта және Адвокаттар мен заңгерлер қауымдастығының 100 жуық жоғары лауазымды өкілдері ағымдағы қылмыстық сот төрелігі реформасына қатысты құқық қолдану тәжірибесін талқылады. Сондай-ақ қатысушылар 2016 ж. 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі ұсынған құқықтық өзгерістерге назар аударды.
Үш күндік іс-шара Бағдарламалар офисінің ҚР Жоғарғы Соты, Бас Прокуратурасы, Конституциялық Кеңесі және Құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясымен (Венециялық комиссия) бірлесіп, әрі Халықаралық құқықтық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоры, GIZ, БҰҰ Даму Бағдарламасы және Қазақстанда қылмыстық сот төрелігін жақсарту бойынша Еуропалық Одақ жобасының қолдауымен ұйымдастырылды
Германия, Қазақстан, Мальта және Ресей Федерациясы сарапшылары азаматтық іс жүргiзуді оңтайландыру мақсатында құқықтық механизмдерді, азаматтық сот ісін жүргізу барысындағы дауларды шешу және реттеудің баламалы әдістерін қолдану, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сот қарауының халықаралық тәжірибесі бойынша баяндамаларын ұсынды. Оған қоса қатысушылар жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес сотқа дейінгі іс жүргізудегі өзгерістер, алдын ала тергеу барысындағы прокурорлардың рөлі, тергеушінің процессуалдық тәуелсіздігі және қылмыстық іс жүргізудегі сот бақылауын күшейту шараларын қарастырды. Астанада халықаралық қаржы орталығын құру жоспары тұрғысынан инвестициялық дауларды шешудің рәсімдік үдерістеріне ерекше назар аударылды.
«Іс жүргізу құқығындағы жақында енгізілген өзгерістер сот төрелігі мен сот іс жүргізуінің оңтайландырылуын көздеп, өз кезегінде олардың азаматтардың сот әділдігіне қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызы зор», - деп Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Басшысы, Елші Дьердь Сабо атап өтті. «Басқа елдердің озық тәжірибесімен алмасу арқылы біз медиация және ымыраға келу үдерістерін қоса алғанда дауларды шешудің баламалы әдістерін таба аламыз».
ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мырза келесідей атап өтті: «Заң ұлықтылығын нығайтуға бағытталған «100 нақты қадам» ұлттық бағдарламасының қағидаттары жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі шеңберінде жүзеге асуда. Бұл үрдіс үш деңгейлі сот жүйесіне көшу, сот мәжілісінің міндетті түрде мультимедиялық нысанда жазылуы және азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізуде прокурор рөлін бәсеңдетуді қамтиды».
Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов мырза: «Қазақстанда қылмыстық сот ісін реформалау қылмыстық құқық бұзушылық бойынша бейтарап, жедел және жан-жақты тергеу үрдісі үшін жағдай жасау, әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын барынша сақтай отырып, әділ сот төрелігі мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасының іргелі қағидаттарын толыққанды іске асыруға бағытталған», - деп түйіндеді.
Іс-шара Қазақстанда қылмыстық және азаматтық сот төрелігін реформалау жөнінде диалогты қалыптастырудағы үкімет пен азаматтық қоғамға қолдау көрсету бойынша Офистің ұзақ мерзімді жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.