ЕҚЫҰ Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі баяндаманың жариялануын қолдайды
АСТАНА, 20 қазан 2015 ж. – Бүгін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жылдық есебінің тұсаукесері болды, бұл есеп Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қолдауымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланды.
Жылдық есептің жариялануы халықтың хабардар болуын арттыру мен адам құқықтары саласындағы қорғау механизмдерін ілгерілету жөніндегі ЕҚЫҰ-ның қолданыстағы жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Шамамен 170 қатысушы, соның ішінде парламент депутаттары, жоғары лауазымды ресми тұлғалар, соның ішінде Сыртқы істер және Әділет министрлері, сот билігінің, азаматтық қоғамның және халықаралық ұйымдардың өкілдері іс-шараға қатысты.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтарымен жағдай туралы баяндама құқық қорғау ұйымдарының және қызметтегі заңгерлердің қатысуымен әзірленді және Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен мақұлданды. Баяндамада Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттерінің орындалуына шолу, сонымен қатар адамның негізгі құқықтары мен еркіндігін қорғау саласындағы құқық қолдану тәжірибесі мен ұлттық заңнамаға жасалған талдау берілген. Сондай-ақ құжатта адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттардың қызметіне, бірлестіктер, сөз және дін еркіндігі сияқты жекелеген салалардағы құқық қорғау механизмдерін күшейту жөніндегі заңнамалық нұсқауларға Комиссия мүшелерінің берген бағасы келтірілген.
«Бұл баяндамада институционалдық реформаның барлық бес бағыты бойынша нақты нұсқаулар берілген», – деп атап өтті ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов. «Ол әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарды дамытуға қатысты «100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес келеді», – деді.
Әділет министрі Берік Имашев: «Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жылдық баяндамасын таныстыру адам құқықтарын қорғау мәселесі мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғамның да тұрақты бақылауында екендігін тағы да дәлелдейді», – деді.
«ЕҚЫҰ үшін құқықтар мен еркіндікті қорғау мәселелері қауіпсіздіктің адами өлшемінде ұйым қызметінің маңызды мәселелері болып қала береді», – деп атап өтті Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы Наталия Зарудна.
Ол ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің адам құқықтары және оларды сақтауға шақыру туралы жұртшылықты хабардар ету жөніндегі бастамаларды барынша қолдайтынын айрықша баса айтты. «Біздің Офис өңірлерде баяндаманың таныстырылуын қолдайды және жергілікті атқарушы органдардың және азаматтық қоғамның өкілдері үшін адам құқықтары жөніндегі семинарлар сериясын бастауда», – деп қорытындылады Зарудна.
Іс-шара халықаралық стандарттарға негізделген Қазақстандағы адамның негізгі құқықтары мен еркіндігін ілгерілетудегі адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттарды қолдау бойынша ұйымның ұзақ мерзімді қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.