ЕҚЫҰ Қазақстанда адвокаттардың ұлттық форумының өткізілуіне қолдау көрсетуде
АЛМАТЫ, Қазақстан, 27 қараша 2015 ж. - «Құқық үстемдігін қамтамасыз ету: айыптау және қорғау балансы» тақырыбындағы адвокаттардың ұлттық форумы Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен өтті.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қолдауымен Республикалық адвокаттар алқасы және Құқықтық саясатты зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара жаңа қылмыстық және азаматтық іс жүргізу заңнамасының аясында сот төрелігі жүйесіндегі адвокаттардың рөлі мен орнын талқылауға бағытталған. 85-ке жуық қатысушы, соның ішінде Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Сот, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама комитеті, Бас прокуратура, Әділет министрлігінің жоғары лауазымды тұлғалары, аймақтық адвокаттар алқаларының өкілдері, сондай-ақ қызметтегі заңгерлер мен азаматтық қоғамның сарапшылары халықаралық стандарттарға сай қылмыстық және азаматтық сот iсiн жүргiзудегі адвокаттардың ағымдағы мәртебесін талқылады.
«Адвокатура өз қызметін тиімді жүзеге асыру үшін оған белгілі бір дәрежеде ішкі автономия, өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеу мүмкіндігін беру қажет», - деді Наталия Зарудна, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы. «Бұл аспектілер, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның аясында әзірленген халықаралық нормалар мен стандарттарға сай талап етілетін әділ сот төрелігін жүзеге асыру, оған қол жеткізу және әділ сот жүргізу құқығы үшін маңызды болып табылады» - деп айтты.
Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Талғат Донақов: «Адвокатура адам құқықтарын қорғаудағы ең маңызды институттарының бірі және қазіргі заманғы азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі болып табылады» - деді. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» ұлттық реформалар бағдарламасының аясында бес институционалдық тапсырманы жүзеге асыру мәселелерінде адвокатураның рөлі мен маңызы көрсетілгенін атап өтті.
«Қазақстан адвокаттарының республикалық алқасы бүгінгі тәжірибе мен ой алмасу заң үстемдігі мен әділеттілік салтанатының орнығуына өз септігін тигізіп, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін конституциялық миссиясын табысты орындауда адвокатураның әлеуетін нығайтады деген үміт білдіреді», - деп айтты Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Tүгел.
Беларусь, Франция, Литва, Ресей Федерациясы, Түркия және Украина сарапшылары жақтардың жарыспалылығы қағидасын қолдану және заңгерлік қызмет көрсетуге, сонымен қатар заңды өкілдік мәселелері, мемлекет кепілдік берген заңды көмек көрсетудің сапасына, заңгерлердің кәсіби этикасы және бұқаралық ақпарат құралдарының және әлеуметтік желілерді пайдалануға байланысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
Талқылау нәтижесінде қатысушылар форумның тақырыптарына байланысты үкіметтік және парламенттік мекемелерге жіберілетін ұсыныстардың жиынтығын әзірледі.
Форум заңдылықты нығайту және қабылдаушы елдегі сот төрелігін реформалауға қолдау көрсетудегі Бағдарламалар офисінің сүрелі қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.