ЕҚЫҰ Қазақстанда адам саудасының құрбандарына арналған оқыту семинарларын аяқтауда
2015 ж. 27 қарашасында ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі Қазақстанның Астана қаласында өткен адам саудасының құрбандарына жәрдем беру және әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша әлеуметтік жұмыскерлерге арналған төрт оқыту семинарының соңғы семинарын өткізуге қолдау көрсетті.
Семинар барысында Астана, Алматы, Қостанай және Шымкент қалаларында адам саудасының құрбандарына әлеуметтік қызметтерді көрсету жұмыстарына қатысатын 130-ға жуық әлеуметтік жұмыскерге, аймақтық әкімшіліктер мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне тиісті қызметтерді көрсетудің жаңа стандарттары таныстырылды.
2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін стандарттарда адам саудасының құрбаны болған жандарға жәрдем беретін, соның ішінде уақытша баспана ұсынатын мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар ұстануы тиіс болатын тәжірибелік шарттар мен процедуралар егжей-тегжей сипатталған.
Семинар жұмысы барысында сарапшылар мен қатысушылар адам құқықтарының бұзылуының ықтимал салдары мен адам саудасының трансұлттық қырларын, құрбандардың қабылдану және сәйкестендірілу шарттарын, сондай-ақ құрбандарға көрсетілетін көмек пен қызметтердің стандарттарды қарастырды. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыскерлерге құрбандардың жеке мұқтаждықтарын жақсырақ түсінуіне және оларды назарға алуларына дұрыс жол сілтеу үшін тәжірибелік жаттығулар мен рөлдік ойындар өткізілді.
Әлеуметтік қызметтердің стандарттары ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қолдауымен ведомствоаралық жұмыс тобымен осы жылы әзірленіп дайындалған болатын. Құжат қолданыстағы ұлттық заңнамаға және ЕҚЫҰ адам саудасымен күресі бойынша іс-қимылдар жоспарына сәйкес құрылған.
Семинарлар қабылдаушы елдің адам саудасымен күресу жөніндегі халықаралық шарттар бойынша міндеттемелеріне сәйкес Офистің адам саудасымен күресу жұмыстарына қоғамдық және азаматтық секторды жұмылдыру жолындағы ұзақ уақытты жұмыстарының аясында өткізілген болатын.