Адам құқықтарын қорғау Қазақстанда ЕҚЫҰ қолдауымен өткізіліп отырған семинарлардың назарында
ТАРАЗ, Қазақстан, 19 қараша 2015 ж. - Бүгін Жамбыл облысы Тараз қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен адам құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған екі бөлімнен құралған оқыту семинары басталды. Семинар облыстағы басқару органдарының лауазымды тұлғаларына, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, прокуратура қызметкерлеріне, ғылыми қызметкерлер мен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған.
Шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің қолдауымен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен жергілікті органдар мен азаматтық қоғам арасындағы сабақтас диалог пен ынтымақтастыққа арналған алаң ретінде өткізіліп отыр.
Семинар барысында қатысушылар адам құқықтарын Қазақстан ратификациялаған әртүрлі халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерге сәйкес қорғау стандарттары мен тетіктері жайлы тереңірек білім мен түсінік алмақ. Онда адам құқықтарын қорғау қағидаларын билік органдарының, сот және құқық қорғау органдарының күнделікті жұмысына енгізілуіне, сонымен қатар жаңа қылмыстық заңнамаға сәйкес берілетін адам құқықтарына байланысты кепілдіктерге баса көңіл бөлінетін болады.
«Бүгін де түрлі радикалдық топтар мен террористер әлеуметтік әділдік пен нағыз құндылықтарға оралу тақырыптарындағы жалған ұрандарды бүркеніп, құқық үстемдігіне, демократияға, адам құқықтары мен негізгі бостандыққа қарсы күресіп, бізді жалпы құндылықтардан, қағидалар мен бостандықтан бас тартуға мәжбүрлеуге тырысуда», - деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші Наталия Зарудна. «Бірақ біз бұған қарсы заманауи өркениетті қоғам негіздерін күшейту үшін бұдан бетер күш жұмсап, өршіту әрекеттерінің жетегінде кетпеуіміз керек. Өйткені бұл демократиялық құндылықтар мен бостандықтан бас тарту террористер мен экстремистердің жеңгенін білдіріп, дүрбелең жағдайлардың орын алуына әкеп соқтыру мүмкін», - деді ол.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов: «Біздің конституциямызда мемлекеттің басты құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы делінген. Бүгін де, Қазақстанда жүргізіліп отырған негізгі реформалардың бірінің мақсаты – құқықтың үстемдігі, адам құқықтары мен бостандығының қамтамасыз етілуі, сыбайлас жемқорлыққа балта шабу және әділ сот өндірісін орнату», - деп айтты.
Осыдан басқа, семинар барысында қатысушылар адам құқықтарын, кикілжіңді жою механизмдерін және тиісті мекемелерге, соның ішінде БҰҰ комитеттеріне шағымдармен жүгіну тәсілдерін алға қою жөніндегі ұлттық және халықаралық институттардың рөлін талқылайтын болады. Ұлттық сарапшылар Комиссияның Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы соңғы есебі негізінде берілген ұсынымдардың жергілікті деңгейде іске асырылу мәселесіне баса көңіл бөлетін болады.
Семинардың екінші бөлімі облыстағы аудандардың біріндегі Аса ауылында 20 қараша күні өтетін болады. Жалпы, семинардың екі бөліміне барлығы 120 жуық адам қатысады деп күтілуде.
Аталмыш семинар Комиссия есебінің Астана және Шымкент қалаларында таныстыру және қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген осы іспеттес семинар сияқты бірқатар іс-шаралар топтамасының ішіндегі біреуі болып табылады. Семинар адам құқықтары және Қазақстанда негізгі құқықтар мен бостандықтарды дамыту жөніндегі ұлттық институттарды қолдау бойынша Офистің ұзақ мерзімді шараларының аясында өткізілді.