ЕҚЫҰ қазақстандық сайлау бақылаушыларын оқытуда
АСТАНА, 5 қараша 2015 жыл - Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мүшелері мен сайлауға қатысатын бақылаушыларға арналған оқыту семинары өтті.
40-қа жуық мемлекеттік қызметкер мен Комиссияның сайлау бақылаушылары қатысқан семинарды ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі Орталық сайлау комиссиясының қолдауымен ұйымдастырды.
ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) сайлау жөніндегі кеңесшісінің ұсынған баяндамасында сайлауға әйел қауымы мен аз ұлттар топтарының қатысуы төңірегінде демократиялық сайлаудың халықаралық міндеттемелері мен стандарттарына баса мән берілді. Оған қоса мұндай топтардың сайлауға түрлі қатысу жолдарына, оның ішінде квоталар мен өзге де уақытша шаралар, сайлау округтерін құру, кемсітушілікке жол берілмеу арқылы қатысу амалдарына, ЕҚЫҰ саяси және азаматтық құқықтарды қорғаудағы міндеттемелеріне шолу жасалды.
Баяндамадан соң интерактивті сессия өткізілді. Оның барысында қатысушылар техникалық мәселелер жөнінде сарапшылармен кеңесіп, рөлдік сценарийлерге қатысты.
«ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі Орталық сайлау комиссиясымен және Сыртқы істер министрлігімен сайлауға қатысатын және кейінгі уақытта ДИАҚБ мен өзге де ұйымдар үшін сайлау жұмыстарының миссияларына ат салысатын ұлттық байқаушыларды дайындау мәселелерінде біраз жылдардан бері ынтымақтасып келеді», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Мирко Гюнтер. «Бүгінгі семинарға қатысып отырған мемлекеттік мекемелердің жас мамандары мен азаматтық қоғам өкілдерінің көпшілігі сайлауға бақылаушы ретінде қатысу тренингіне алғаш рет қатысып отыр. ЕҚЫҰ осындай маңызды мәселеге ат салысып отырғанына қуанышты», - деп атап өтті.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың айтуынша, бақылаушының міндеті халықтың әлжуаз топтарының сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін заңнамалық, институттық мүмкіндіктерді, сондай-ақ сайлау үрдісіне жұмылдырылған түрлі қатысушылардың әрекеттерін саралау болып табылады.
Аталмыш семинар ОСК төрт өкілінің қатысуымен құралған делегацияның қазан айында Финляндияның Хельсинки қаласына болып қайтқан танысу сапарынан кейін өткізілді. Төрт күнге созылған сапар Финляндияның сайлау жүйесімен танысу, әріптестермен бірге жұмыс істеудің анағұрлым тиімді әдістерімен бөлісу, сондай-ақ тәжірибе алмасуға бағытталды.