ЕҚЫҰ Қазақстанда адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқыту семинарының өткізілуіне қолдау көрсетуде
ШЫМКЕНТ, Қазақстан, 30 қазан 2015 жыл – Бүгін ЕҚЫҰ қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында жергілікті басқару органдары мен құқық қорғау органдарына, судьялар мен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған адам құқықтарын қорғау механизмдері жөніндегі оқу семинары аяқталды.
Үш күнге жалғасқан шара ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өткізілді. Шараның мақсаты адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктерін тереңірек түсіндіру және мұндай тетіктерді жергілікті құқық қорғау, сот және үкімет органдарының тарапынан тиімдірек қолданылуын қамтамасыз ету болды.
Аталған іс-шараға 150 жуық қатысушы, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласы әкімдігі және Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданы әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ судьялар, прокуратура қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Қатысушылар адам құқықтарын қорғау тетіктері мен адам құқықтары жөніндегі ұлттық және халықаралық институттар, кәсіподақтар сияқты түрлі акторлардың рөлін, еңбек және әлеуметтік даулардың шешілу тетіктерін, әлеуметтік серіктестік пен БҰҰ Комитеттерінің жеке шағымдарды қарастыру тетіктерін талқылады. Бұдан басқа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауда сот жүйесінің атқаратын рөлі, Қазақстанның әкімшілік, қылмыстық және қылмыстық-орындаушылық заңнамасындағы жаңа өзгерістер, сонымен қатар қылмыстық сотта жәбірленуші мен айыпталушының құқықтарын қорғау мәселелері талқыға салынды.
Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев: «Адам құқықтары, соның ішінде әлеуметтік және еңбек құқықтары жөніндегі оқыту семинарлары тек жалпы құқықтық мәдениетті арттыру үшін ғана емес, әсіресе, қазіргі экономикалық жағдайда әлеуметтік және еңбек дауларын алдын алу үшін маңызды», - деп атап өтті.
Семинар алдында 2015 жылы 20 қазанда ЕҚЫҰ қолдауымен Комиссияның Қазақстандағы адам құқықтары қорғалуының ахуалы жайлы есебінің тұсаукесері болып өтті.
«Бұл семинар Комиссияның ұсынған есебіндегі ережелер мен берілген ұсынымдарының жергілікті деңгейде талқылануын жалғастырылатын алаң болып табылады», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің Адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі Сара Бонотти. Ол семинар жергілікті билік органдары мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ынтымақтастықты жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өткізілген іс-шара адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттарына қолдау көрсету жөніндегі Офистің Қазақстанда адамның халықаралық стандарттарға негізделген іргелі құқықтар мен бостандықтарды дамыту жолындағы ұзақ мерзімді жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.