ЕҚЫҰ Қазақстандағы қоршаған орта мәселелері бойынша судьяларға арналған тренинг өткізуде
Астана қаласында 10 қыркүйек күні азаматтық істер бойынша экологиялық заңнаманы сот тәртібінде қолдану мәселелері бойынша судьяларға арналған екі күндік оқыту семинары басталды.
Жоғарғы Соттан және елдің әр аумағындағы аудандық соттардан келген 40-қа жуық судьяларға арналған аталған іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі ҚР Жоғарғы cотымен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының әділсот Институтымен бірлесіп ұйымдастырады.
Орхус конвенциясын, өзге халықаралық құжаттарды, сондай-ақ қолданыстағы ұлттық заңнаманы жүзеге асыруға байланысты туындайтын дауларды шешу тәсілдері Жоғарғы Cот судьяларының және экологиялық БҮҰ тарапынан ұлттық сарапшылардың басшылығымен өтетін пікірталаста қарастырылады. Мұнымен қоса, қатысушылар халықаралық экологиялық келісімдерге сәйкес міндеттемелерді сақтау тетіктеріне байланысты мәселелердің басын ашады.
Атап айтқанда, олар экологиялық ақпаратқа қол жеткізу мәселелерін, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу жағдайларын және қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды сотта қарастыру мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ судьялар мемлекеттердің оларға жүктелген халықаралық міндеттемелерді сақтауын бақылау тетіктерімен танысып, нақты жағдайларға негізделген тәжірибелік сабақтарға қатыса алады.
Іс-шара Офистің қабылдаушы елге оның Орхус конвенциясының ұлттық институционалдық және құқықтық аясын жетілдіруге қатысты өз міндеттемелерін орындауына ықпалдастық көрсету жөніндегі көп жылғы қызметінің бөлігі болып табылады.