ЕҚЫҰ құқық қорғау органдарының қызметкерлерін трансұлттық ұйымдастырылған қылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы әрекет етуге оқытуда
АҚТАУ, Батыс Қазақстан, 27 шілде 2015 ж. - Бүгін Ақтау қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен құқық қорғау органдарының білімін арттыру және осы трансұлттық қатерлерді шешуде олардың машықтарын жақсартуға бағытталған үш күндік оқыту семинары басталды.
Грузияны, Литва, Америка Құрама Штаттары және Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының сарапшылары Әзірбайжан, Қытай, Грузия, Қазақстан және Қырғызстаннан шамамен 30 құқық қорғау органдарының қызметкерлерін трансұлттық ұйымдастырылған қылмыспен және есірткінің заңсыз айналымымен күресу жөніндегі озық ұлттық және халықаралық практикалармен таныстырады.
Сарапшылар есірткі мен олардың прекурсорларын сатудың халықаралық арналарын сәйкестендіру және түбірімен жою саласындағы озат практикаға, сондай-ақ бақылаудағы жеткізуді және есірткі сатушыларды анықтаудың психологиялық әдістерін пайдалануға шолу ұсынады.
Мирко Гюнтер, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің орынбасары есірткінің заңсыз айналымымен және трансұлттық қауіпсіздік қауіптерімен күрес ЕҚЫҰ қызметінің басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі, жергілікті және халықаралық әріптестермен бірге жыл бойы осындай ұлттық және аймақтық деңгейде аса маңызға ие салада құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мүмкіндіктерін ілгері дамытуда Қазақстанға ықпалдастық ету мақсатымен іс-шаралар ұйымдастырып келеді», - деді Гюнтер.
Мемлекеттік кіріс комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Мұратжан Жанғозин семинардың шекараға жақын орналасқан және тауарлардың халықаралық, атап айтқанда, Батыс Еуропалық елдерге қозғалысының орталығы болып табылатын Ақтауда өтіп отырғандығын атап өтті. «Осыған орай, біздің семинарымыздың тақырыбы бұл аймаққа ерекше маңызды болып табылады. Осы іс-шараға қатысып отырған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, олардың кейбіреулері осы аймақтан, өздерінің күнделікті жұмыстарында есірткінің заңсыз саудасымен күрестің алдыңғы шебінде қызмет етеді», - деді Жанғозин.
Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті және Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Елшілігі бірігіп ұйымдастырды.
Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі қызметінің есірткі мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күреске ерекше көңіл бөле отырып, трансұлттық ұйымдастырылған қылмыстың алдын алу және қарсы әрекет ету мақсатында қабылдаушы елдің әлеуетін өсіру жөніндегі бөлігі болып табылады.