ЕҚЫҰ ақша жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру тұрғысынан электронды ақша мен криптовалюталар пайдаланумен байланысты тәуекелдер жөніндегі семинарды қолдауда
АСТАНА, 21 шілде 2015 ж. – Бүгін Астанада ақша жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру (АЖ/ТҚҚТ) тұрғысынан электронды ақша мен криптовалюталарды пайдаланумен байланысты тәуекелдер жөніндегі екі күндік семинар басталды. Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы мониторингі комитеті ұйымдастырды.
ЕҚЫҰ шақырған сарапшының басшылығымен, Қаржы мониторингі комитетінің шамамен 20 өкілі электронды ақша мен криптовалюталарды пайдаланудағы соңғы үрдістер және өзгерістер туралы ақпарат алды. Оқу модульдері электронды ақша жүйесінде ақшаны жылыстатуға қарсы негіздер, тәуекелге бағдарланған тәсілдер, клиенттерді тиісті тексеру, күдікті операциялар туралы есептілік аспаптары, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен өзара құқықтық көмек мәселелерін қамтыды.
Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Мирко Гюнтер: «ЕҚЫҰ Қазақстанға туындаған қауіпсіздік сын-қатерлеріне орай әрекет етудің тиімді және икемді тетіктерін одан әрі дамытуға көмектесу бағытында жұмыс істейді. Бүгінгі семинар ақша жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен күрес саласындағы соңғы өзгерістер мен үздік халықаралық практикаларға кешенді шолуды ұсынады», - деді.
Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Айдар Мекебеков бұл бірлескен семинар осы тақырыпқа қатысты іс-шаралардың алғашқысы болып табылатынын атап өтті.
«Электронды ақшаны пайдалану тұтынушыларға ыңғайлы, бірақ бұл төлеу тәсілі ақша жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен байланысты тәуекелдерді қамтиды. Ақша жылыстатумен күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) әзірлеген басқару қағидаттарын пайдалану осы тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі», - деді Мекебеков.
Семинар тиімді басқару, ақшаны жылыстатумен күрес және терроризмді қаржыландыруға қарсы әрекет ету саласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің көп жылғы қызметінің бөлігі болып табылады.