ЕҚЫҰ Қазақстанда зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуына ықпалдасуда
2015 жылдың 8 шілдесінде Қазақстандағы Астана қаласында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты кедендік қызметшілерге арналған зияткерлік меншік құқықтары мәселесі бойынша өткізілген екі күндік оқу семинары өз жұмысын аяқтады.
Орталық және аймақтық басқармалардағы елу шақты кеден қызметкерлеріне арналған шараның ұйымдастырылуына ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі, Мемлекеттік кіріс комитеті ат салысты. Семинар жұмысы барысында қатысушылар қолдан жасалған және контрафактілі тауарларды идентификациялаудағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, қолданыстағы ұлттық заңнамадағы кемшіліктермен танысып, ұлттық және халықаралық деңгейдегі субъектілердің өзара әрекеттестігіндегі проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Дүниежүзілік сауда ұйымының шетелдік маманы зияткерлік меншік құқықтары туралы белгілі халықаралық келісімдерді саралап, зияткерлік меншік құқықтарын иеленуші мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетті. Сонымен қатар қолданыстағы халықаралық тәжірибе мен ұсынымдарға сәйкес қолдан жасалған тауарларды анықтап, оларды идентификациялаудың тәжірибелік мысалдары келтірілді.
Қазақстандағы Toyota, Procter & Gamble, Casio, Jack Daniel’s, Reckitt Benckiser, LRC Products және Samsung сияқты ірі компаниялардың өкілдері қолдан жасалған және контрафактілі өнімдерді анықтаудағы және идентификациялаудағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудағы кемшіліктерді атап өтті.
Осы өткен шара Офистің елдің әлемдік стандарттарға сай экономикалық дамуына қолдау көрсету үшін көптен бері жүргізіліп келе жатқан қызметінің бір бөлігі саналады. Бұл жиын Офистің зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуын тәжірибеге енгізу жолында бұған дейін атқарылған жұмыстарының жалғасы болып табылады.