ЕҚЫҰ Қазақстанда су ресурстарын басқарудың жолға қойылуына ықпалдасуда
АСТАНА, Қазақстан, 2 шілде 2015 жыл – Бүгін Астана қаласында (Қазақстан) ЕҚЫҰ қолдауымен су ресурстарын басқару мәселелеріне арналған 23-ші Экономикалық-экологиялық форумына орайластырылған жоғары деңгейдегі ұлттық дайындық кездесу өтті.
Іс-шараны Астана қ. бағдарламалар офисі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстанның Экологиялық форумы Швейцария үкіметінің қолдау көрсетуімен ЕҚЫҰ ұйымдастырды.
120 адам қатысқан жиын барысында климаттың өзгеруі мен құрғақшылықтың салдарынан Орталық Азиядағы негізгі проблемалар талқыланып, «жасыл» өсім принциптерінің енгізілуін көздейтін шешімдер ұсынылды. Іс-шараға Парламент, Ауыл шаруашылығы, Инвестициялар және даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктерінің, Жоғарғы сот, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, іскерлік және академиялық орталардың, Орхусс орталықтарының және су бассейні кеңестерінің өкілдері қатысты.
Дания, Германия және Швейцария елдерінен келген сарапшылар тоспа суды тазалау, су ресурстарын орынды пайдалану, жерлер мен суды теңгерімді пайдалану мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, осы саладағы озық технологиялармен таныстырды. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының, ЕҚЫҰ экономика және табиғат қорғау мәселелері бойынша үйлестірушісі офисінің, Дүниежүзілік банк, Халықаралық Арал құтқару қорының және Орталық Азияның Аймақтық экологиялық орталығының өкілдері Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласындағы іске қосылған жобалармен таныстырды. Өткізілген жиын нәтижесінде қолданыстағы ұлттық заңнаманы жетілдіру, су бассейні кеңестерінің орнын арттыру, сонымен қатар гидротехниклық қондырғылардың қауіпсіздігін арттыру жолында нақты қадамдар жасау үшін кейбір халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялау бойынша мемлекеттік ұйымдар мен Парламентке бірқатар ұсынымдар жасалды.
«Су адамдардың арасын бөліп қана қоймай, оларды жақындастырады. Бұл жайында ЕҚЫҰ аймақтарындағы көптеген мысалдарды келтіруге болады. Дунай, Рейн, Сава және Шу-Талас өзендері бассейндеріндегі ынтымақтастық тәжірибесі су ресурстарын бірлесіп басқару елдер мен қоғамдар арасындағы қарым-қатынастарды жақсарта алатынын, қауіпсіздікті арттырып, экономикалық өсім және қоршаған ортаны қорғау деңгейін көтере алатынын көрсетті», - деді елші, ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы Наталия Зарудна.
«Біз шекаралас мемлекеттер бірлесіп пайдаланып отырған өзендердің су ресурстарын халықаралық су құқығы принциптеріне сүйене отырып, өзара құрмет пен сенім, сондай-ақ сабақтас ынтымақтастық негізінде орынды пайдалану және басқару мәселелеріне жоғары мән беруіміз қажет», - деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
3 шілдедегі кездесуден кейін 2014 – 2040 жж. арналған су ресурстарын басқару бойынша мемлекеттік бағдарламаны енгізудің тәжірибелік мәселелерін талқылау үшін су бассейні кеңестерінің, Орхусс орталықтарының және экология бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың 40 өкіліне арналған семинар-тренинг өткізу жоспарлануда.
Шара Офистің елдің «жасыл» экономикаға көшу және 2014 – 2040 жж. арналған су ресурстарын басқару бойынша мемлекеттік бағдарламаны енгізу жоспарларына қолдау көрсетуге бағытталған көп жылдардан бері атқарылып келе жатқан жұмыстарының бір тарамы. Қазақстанда 2015 жылы жарияланған Су жылының мақсаттарына сәйкес келетін іс-шара мемлекеттік және шекараралық деңгейде су ресурстарының оңтайлы басқарылуы алға қойылуына қолдау көрсетілу үшін ұйымдастырылды.