ЕҚЫҰ Қазақстанда Орхусс орталықтарының жыл сайынғы отырысын өткізуге қолдау көрсетуде
АСТАНА, Қазақстан, 1 шілде 2015 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен Орхусс орталықтарының жыл сайынғы отырысы өтті.
Іс-шараны Энергетика министрлігі Ұлттық Орхусс орталығымен бірлесіп 30 мемлекеттік қызметші, Жоғарғы сот судьялары, үкіметтік емес экологиялық ұйымдар мен Қазақстанда әрекет ететін 14 Орхусс орталығының басшылары үшін ұйымдастырды.
Іс-шараға қатысушылар экологиялық ақпарат пен сот әділдігіне қол жеткізуде Орхусс орталықтарының рөлін арттыру, сондай-ақ өз қызметін мақсатты жүзеге асыру тәсілдерін талқылады. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар қоршаған орта мәселелері бойынша шешім қабылдау барысында жұртшылықтың қатысу дәрежесін жоғарылату мүмкіндіктерін қарастырып, осы саладағы сарапшылардың және Қырғызстан мен Тәжікстанның Орхусс орталықтары өкілдерінің үздік тәжірибесімен танысты.
Отырыстан кейін Орталықтардың тұрақты қызметінің құқықтық аспектілері, қаражат тарту және мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғаммен, сондай-ақ іскерлік бірлестікпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен әрекеттесу мүмкіндіктері жөнінде оқу өткізілді.
«ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы мемлекеттері экологиялық табиғат өзгерістері және суға, азық-түлік пен энергияға қол жеткізумен байланысты шиеленістер дағдарыс пен тұрақсыздықтың әлеуетті көздері болуын мойындайды», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы, елші Наталия Зарудна. Ұлттық деңгейде тараптар арасында конфронтацияны болдырмау ынтымақтастықты күшейтумен және экологиялық нәзік проблемалармен байланысты мәселелерге қоғамның барлық мүшелерінің тең құқылы қатысуына кепілдік берумен байланысты екенін қосты.
Жоғарғы соттың судьясы Бейбіт Шермұхаметов: «Мүдделі тараптар арасында түрлі кездесулер ұйымдастыру және өткізу мемлекеттік органдардың жұртшылықпен әрекеттесуінің кеңінен таралған нысандары болып табылады, онда қатысушылар байланыс орнатып,тәжірибемен алмасады, әрі Орхусс конвенциясының ережелерін іске асыру жөнінде уағдаласады», - деп мәлімдеді.
Бұл кездесу қабылдаушы тарапқа Орхусс конвенциясын талаптарға толық сәйкес жүзеге асыру және ақпаратқа қол жеткізуді жылжыту, шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуы және қоршаған орта мәселелері бойынша сот әділдігіне қол жеткізу жөнінде көмек көрсетуге бағытталған Офистің ұзақ мерзімді күш салуының бөлігі болып табылады.