ЕҚЫҰ Қазақстандағы Екінші су форумын қолдауда
АСТАНА, 4 маусым 2015 ж. – Бүгін Қазақстанның Астана қаласында су ресурстарын басқару және осыған қатысты мемлекеттік мекемелер, университеттер және жеке сала арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған тәжірибелік шешімдер жөніндегі ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған Екінші су форумы өтті.
Іс-шараға 80-ге жуық Парламент өкілі, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктерінің жоғары лауазымды ресми өкілдері, сондай-ақ ғалымдар, іскерлік орта өкілдері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен бірлесіп, Қазақ-неміс университетімен, Сыртқы істер министрлігімен және Конрад Аденауэр атындағы қормен ынтымақтастық негізінде ұйымдастырылды.
Қатысушылар Жетінші әлемдік су форумының нәтижелерін қарастырып, су ресурстарын басқаруға қатысты, соның ішінде трансшекаралық ауқымдағы негізгі мәселелерді бағалады. Германиядан келген жоғары білікті сарапшылар, соның ішінде Неміс федералдық энергетика және су ресурстарын басқару одағының басшысы, табиғат ресурстарын оңтайлы әрі тиімді пайдалану және су ресурстарын біріктірілген басқару қағидаларын ұлттық шеңберде қолдану мәселелері төңірегінде өздерінің үздік тәжірибелерін қатысушылармен бөлісті.
Екі параллель отырыс барысында мемлекеттік қызметкерлер мен зерттеушілер кәсіпкерлермен олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың инновациялық тәсілдерін талқылады, ал бүкіл ел бойынша үздік он университеттен келген су ресурстарын басқару саласында маманданған студенттер үкімет және бизнес өкілдеріне өздерінің су саласындағы инновациялық шешімдерін таныстырды.
«ЕҚЫҰ үшін, тұрақты даму мен үздік басқару, әсіресе су ресурстарын тиімді басқару қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа жан-жақты қол жеткізу тәсілі тұрғысынан ең басты ұстанымдардың бірі болып табылады. Суды бірлесіп қолдану, судың жетіспеушілігі және оның сапасының төмендігі жөніндегі келіспеушіліктер ұлттық, сондай-ақ аймақтық деңгейдегі тұрақтылыққа әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Дамып келе жатқан ел Қазақстан үшін аталған сұрақтар стратегиялық маңызға ие», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы, елші Наталия Зарудна.
«Қазақстан су ресурстарын жан-жақты зерттеуге және аталған саладағы халықаралық тәжірибе мен халықаралық су құқығын қолдануға аяқ басуда. Аймақтық қауіпсіздік мен экологиялық тұрақтылықты, сонымен қатар бірлесіп басқару мен трансшекаралық өзендерді қорғау мәселелерін шешу мақсатында, біз ортақ құқықтық негіздер, барлық мүдделі тараптардың мүдделерін құрметтеу және өзара тиімді ынтымақтастық негізінде күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбеков.
Форум қабылдаушы елдегі су ресурстарын тұрақты басқаруды қолдау және осыған байланысты мәселелерді шешуде жария-жеке ынтымақтастықты жетілдіру әрекеттеріне бағытталған Офисіңің ұзақ мерзімді шараларының бір бөлігі болып табылады.