ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі сегізінші Астана экономикалық форумының аясында кеден саласындағы мемлекеттік-жеке серіктестік шарасына қолдау көрсетуде
АСТАНА, 21 мамыр 2015 жыл – Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен VIII Астана Экономикалық Форумының аясында өткізіліп отырған кедендік және бизнес құрылымдар арасындағы серіктестік жөнінде өңірлік форум өз жұмысын бастады.
Екі күнге жоспарланған шараны Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетімен, Дүниежүзілік кедендік ұйыммен және Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесе отырып, ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі ұйымдастырып отыр. Кездесуде кедендік құрылымдар саласының 130 астам жетекші халықаралық сарапшылары мен жоғары лауазымды шенеуніктері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, шетелдік және жергілікті кәсіпорындардың өкілдері бас қосты. Форум жұмысының барысында қатысушылар ұлттық және халықаралық сарапшылар, соның ішінде Бағдарламалар офисінің қолдауымен Молдова мен Ұлыбританиядан келген баяндамашылардың ұсынған ынтымақтастық тәжірибесін саралай отырып, бизнес пен кедендік құрылымдар, арасындағы өзара әрекеттестіктің маңыздылығына баса мән берді.
«Мемлекеттік ведомствалардың қызметі халықаралық стандарттардың ескерілуімен барынша ашық болып, мемлекеттік қызметтер саласын жетілдіруге және елдегі жалпы инвестициялық ортаны дамыту үшін әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталуы керек. Бүгінгі Форум осындай жұмыстың жалғасы және кедендік қызмет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы сенімнің арта түскендігінің айғағы деуге болады», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
ЕҚЫҰ экономикалық және экологиялық қызметті үйлестірушінің орынбасары Алексей Стукало былай деп атап өтті: «Кедендік тәртіптің ашық болуы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен пайдаланылуы, реттейтін тексерулердің өткізілуі, іс-қимыл кодекстерінің қабылдануы мен қолданылуы сыбайлас жемқорлықты азайтып, кедендердің жұмысында адалдық пен этикалық құндылықтарды көтеруге септігін тигізіп, шекара аралық процедуралардың бизнес үшін ыңғайлығын арттыра алмақ. Мұндай шаралар адам ресурстарының сауатты басқарылуымен, кеден қызметкерлерінің ынталандырылуымен және «Уәкілетті экономикалық операторлар» сияқты бағдарламалар арқылы кеден мен жекеменшік компаниялар арасында серіктестік қарым-қатынастардың жолға қойылуымен үндестік табуы шарт».
Сауда процедураларын жеңілдетуге және Қазақстан мен жалпы аймақтағы басқарудың тиімді болуына ықпалдасу мақсатында өткізілген бұл шара Офистің бірігіп атқарып отырған жұмыстарының бір бөлшегі болып табылады.