ЕҚЫҰ Қазақстандағы мұнай төгінділерін жою бойынша пікір-талас өткізілуіне қолдау көрсетуде
АТЫРАУ, 24 сәуір 2015 жыл – Бүгін Батыс Қазақстанның Атырау қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен мұнай төгінділерін жою жөніндегі аймақтық жоспар енгізу арқылы мұнай төгінділеріне дайындық жүргізу және оларды жою бойынша халықаралық стандарттарды ілгері дамыту мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті.
Шара Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен, аймақтағы барлық ірі мұнай инвесторларымен 2003 жылы құрылған мұнайдың апатты төгілуін жоюға дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі аймақтық бастама (OSPRI) және АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігімен тығыз ынтымақтастықта ЕҚЫҰ Астанадағы Офисімен ұйымдастырылды.
Орталық және аймақтық мемлекеттік құрылымдардың, мұнай және кеме құрылысы компанияларының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың 60-қа жуық өкілі мұнай төгінділеріне және ел өңірлеріндегі осы сияқты жағдайларға дайындық және оны жою туралы үлгі құжаттың жобасын талқылап, мақұлдады. Жоба ЕҚЫҰ Офисінің қолдауымен OSPRI белгіленген техникалық параметрлердің негізінде бастамашы елдің сұрауымен халықаралық және ұлттық сарапшылармен әзірленіп, дайындалды. Жоба Қазақстандағы теңіз бен ішкі суқоймаларында мұнайдың төгілуін алдын алу және жою бойынша әзірленген жоспарды толықтырып, Қазақстанның мұнайлы өңірлерінде мұнай төгінділерін бақылау жүйесінің қызметіне ықпалдастық көрсетуге бағытталған.
Осымен қоса, дөңгелек үстел халықаралық тәжірибемен, әлемнің әртүрлі елдеріндегі, соның ішінде 2010 жылдағы Мексика шығанағындағы мұнай төгінділерінің салдарымен күресудегі озық тәжірибемен алмасуға ықпалын тигізді.
«Мұнай төгінділерін алдын алуға және оны жоюға дайын болудың тиімді тәсілі мүдделі тұлғалардың жұмыстарды бірлесіп атқаруын талап етеді», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші Наталия Зарудная. «Жоспардың аймақтық құрылысының бұл үлгісі қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес үйлестірілген әрі кешенді тәсілді көздеп, ЕҚЫҰ, Халықаралық теңіз ұйымы және Халықаралық стандарттау ұйымы ұсынған әдістемелік нұсқаулықтар түрінде беріліп отырған халықаралық озық тәжірибені қамтиды».
OSPRI менеджері Питер Тейлор өз баяндамасында: «Аймақтық жоспар бекітілгеннен кейін аймақтық биліктің мемлекеттік және жеке секторлармен ұсынылып отырған барлық тиісті ресурстардың тиімді үйлестірілуі мен интеграциялануын қамтамасыз ететін маңызды құралына айналады. Жоспардың іске асырылуының алғашқы маңызды қадамы ретінде Төтенше жағдайлар комиссиясының аймақтық деңгейдегі жұмысына демеу болатын мұнай төгінділерін алдын алу және жою мәселелерімен айналысатын тұрақты жұмыс тобы шақырылады. Бұл жоспардың одан әрі жүзеге асырылуына ықпалын тигізетін болады», - деп атап өтті.
Шара Офистің Қазақстанның тұрақты дамуына және дүлей апаттардың қаупін басқаруға қолдау көрсету жолындағы ұзақ мерзімді қызметінің бір бөлшегі болып табылады.