ЕҚЫҰ Қазақстандағы пенитенциарлық заңнаманы талқылау бойынша сарапшылар кездесуін қолдайды
Кейбір заңнамалық актілерді Қазақстанның жаңа Қылмыстық-атқару кодексінің ережелеріне сәйкестендіру мәселелері бойынша сарапшылар кездесуінің топтамасындағы екіншісі 10 сәуір 2015 жылы Алматы қаласында өтті.
Іс-шараны Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформасы комитеті мен Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі бірлесіп, Халықаралық абақты реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі қолдауымен ұйымдастырды.
Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Алматы әкімдігінің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 2014 жылы қабылданған Қылмыстық-атқару кодексіне сейкестендіру үшін ілеспелі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін талқылады.
Абақтыдан кейінгі және пробациялық бақылау, әкімшілік қадағалау, қамаудағыларға денсаулық сақтау қызметтерін көрсету, қамау орындарындағы тұрмыстық жағдайлар мәселелерін, сондай-ақ түрмеге отырғызуға балама ретінде қолданылатын шараларды күшейту сияқты мәселелерді талқылаудан өткізді. Сотталғандар мен босатылған адамдар үшін әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің жұмысын нығайтуға бағытталған толықтырулар жиынтығына ерекше назар аударылды.
Оған қоса қатысушылар пробациялық бақылауды қолдану және электрондық мониторинг жүйесін пайдаланудағы бельгиялық тәжірибені зерттеу мақсатында, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің қолдауымен жақында Брюссельге барып қайтқан Қазақстан делегациясының сапарының қорытындыларын қарастырды.
Іс-шара Қазақстанда қылмыстық сот төрелігі және пенитенциарлық реформаларды қолдау жөнінде ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.