ЕҚЫҰ трансұлттық ұйымдастырылған қылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы әрекет ету жөніндегі тренингті қолдайды
АЛМАТЫ, 30 наурыз 2015 ж. – Бүгін Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен трансұлттық ұйымдастырылған қылмысқа және есірткі, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы әрекет ету жөнінде оқыту семинары басталды.
Бес күндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті және Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Елшілігі құқық қорғау органдарының білімін арттыру және осы трансұлттық қатерлерді шешуде олардың машықтарын жақсарту мақсатында ұйымдастырды.
Грузияның, Литваның және Америка Құрама Штаттарының ұлттық және халықаралық сарапшылары Алматы және Алматы облысынан келген шамамен 30 кеденшіні трансұлттық ұйымдастырылған қылмыспен және есірткінің заңсыз айналымымен күресу жөніндегі ең жақсы ұлттық және халықаралық практикалармен таныстырады.
Сарапшылар есірткі мен олардың прекурсорларын сатудың халықаралық арналарын сәйкестендіру және түбірімен жою саласындағы озат практикаға, сондай-ақ бақылаудағы жеткізуді және есірткі сатушыларды анықтаудың психологиялық әдістерін пайдалануға шолу ұсынады. Интерактивті жаттығулар кеденшілердің күнделікті жұмысында кездесетін шынайы жағдайларды үлгілеуге көмектеседі.
«ЕҚЫҰ құқық қорғау органдарының ұйымдастырылған қылмыспен күресте, атап айтқанда қылмыстық топтардың қаржыландыру көздерін анықтау және жоюда әлеуетін өсіруге басым маңыз береді», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің Саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу. «Қатысушы-мемлекеттер мен мемлекеттік мекемелер арасындағы ортақ тәжірибе мен ынтымақтастық арқылы ғана құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы трансұлттық қауіптерді қалай шешуді және оларға қызмет ететін адамдарды қорғауды жақсы түсіне алады».
Мемлекеттік кіріс комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Мұратжан Жанғозин былай дейді: «Осы тренингтің арқасында біз есірткінің заңсыз айналымымен күреске қатысатын қызметкерлер білімінің деңгейін көтеруге және террористік ұйымдарға қаражаттың түсуін тоқтата отырып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесеміз».
Іс-шара Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі қызметінің есірткі мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күреске ерекше көңіл бөле отырып, трансұлттық ұйымдастырылған қылмыстың алдын алу және қарсы әрекет ету мақсатында қабылдаушы елдің әлеуетін өсіру жөніндегі бөлігі болып табылады.