ЕҚЫҰ ақпаратқа қол жеткізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобаларын талқылауды қолдайды
АСТАНА, 27 ақпан 2015 жыл - Ақпаратқа қол жеткізу туралы ұлттық заңнаманы дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу және қоғамдық бақылау бойынша дөңгелек үстел ЕҚЫҰ қолдауымен бүгін Астанада өтті. Іс-шараны «Нұр Отан» саяси партиясының құқықтық кеңесінің бастамасымен Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі мен Бас прокуратура бірлесіп, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы, Интерньюс-Қазақстан және Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Шараға 70 жуық қатысушылар жиналды, соның ішінде парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, азаматтық қоғам өкілдері, журналистер, құқық және экономика салаларының ұлттық сарапшылары, сондай-ақ Латвия, Ресей Федерациясы және Украинадан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманы жетілдіру, саяси есеп берушілікті ілгерілету және ақпаратқа қол жеткізудің тиімді жолдарын дамыту мәселелері, сондай-ақ Қазақстандағы ағымдағы үрдістер мен қауіп-қатерлерді ескере отыра ақпаратқа қол жеткізу туралы заң жобасын қабылдауға қатысты 2012-2013 жылдары Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі ЕҚЫҰ бюросы жасаған ұсыныстар талқылауға салынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша заңдар пакеті, қоғамның нақты қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді реформаларды жүргізуге бағытталған 2014 жылы желтоқсанда бекітілген елдің ұлттық стратегиясына сәйкес әзірленді. Ақпаратқа қол жеткізу туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу және қоғамдық бақылау туралы заңдарды қабылдау, сондай-ақ Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) кірудің жоспарларын ескере отыра ерекше мағынаға ие болып отыр.
«ЕҚЫҰ әр елде және жалпы аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске үлкен мән береді. Ақпаратқа қол жеткізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарды әзірлеу және қабылдау сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы іс-қимыл жүргізу арқылы Қазақстанның ашықтық пен тиісті басқару тұрғысындағы міндеттемелеріне сәйкес келеді, өйткені ол жеке адамдарға ғана емес, тұтастай алғанда мемлекетке де өз әсерін тигізеді», - деді елші Наталья Зарудная, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы.
Нұрлан Әбдіров, парламент депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы: «2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегиясына сәйкес және халықаралық ұйымдар мен топтардың, атап айтқанда, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы, ЕҚЫҰ және ГРЕКО ұсыныстарын ескере отыра, Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы күреске бағытталған 13 жаңа заңдар қабылдауға жоспарлап отыр. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетіктерін және мемлекеттік мәселелерге қатысты қоғамдық бақылауды нығайтуды қамтамасыз етеді», - деді.
Дөңгелек үстел нәтижесінде заң жобаларын жетілдіру жөніндегі парламент депутаттары мен мемлекеттік мекемелер үшін әзірленген ұсыныстар жиынтығы дайындалды. Іс-шара ақпаратқа қол жеткізу туралы тиісті заңнаманы дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында қабылдаушы елге қолдау көрсетудегі ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің көпжылдық күш-жігерінің құрамдас бөлігі болып табылады.