ЕҚЫҰ халықаралық бітімгершілік операцияларды қолдау үшін миналардан арылту бойынша ықпалдастыруға көмек көрсетуде
АЛМАТЫ, Қазақстан, 13 қараша 2014 жыл – Алматыда халықаралық бітімгершілік операцияларды қолдау үшін мина қызметі бойынша өңірлік конференция өз жұмысын бастады.
Үш күндік іс-шараға Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Минадан арылту мәселелері жөніндегі қызметінен және минадан арылту жөніндегі Женева халықаралық Гуманитарлық орталығынан 30 шақты техникалық мамандар, офицерлер, практикалық мамандар және мемлекеттік емес субъектілердің өкілдері қатысатын болады. Конференцияны ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының және Тәжікстандағы ЕҚЫҰ Бюросының қолдауымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ұйымдастырды.
Қатысушылар миналардан арылту, халықаралық бітімгерлерді тарту қағидаларын, миналардан арылту технологиялары мен әдіснамаларын, сондай-ақ жарылмаған оқ-дәрілер мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардан болатын қатерлерді жоюды талқылайтын болады. Сарапшылар озық тәжірибелерімен бөліседі, миналардан арылту жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздік шаралары туралы айтып береді.
«Бұл шара Орталық Азияда сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларын арттыруға ғана емес, сондай-ақ миналармен және жарылыс қаупі бар оқ-дәрілермен жанасатын операцияларға бітімгершілер ретінде тартылуы және қатысуы мүмкін осы елдерден шыққан солдаттардың әлеуетін арттыруға да бағытталған», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу.
«Жекелеген мемлекеттер мен тұтастай алғанда халықаралық қоғамдастық қабылдап жатқан шаралардың кең аясына қарамастан миналардан арылтуға қажеттілік елеулі қалпында сақталып отыр. Көптеген жылдар бұрын соғыс қимылдары жүрген жерлерде белгілі бір аумақтарды миналардан тазарту қажеттілігі өткір қалпында қалып отыр. Осыған байланысты, миналардан арылтуға бағытталған бітімгершілік миссиясын ұйымдастыруды жақсартуға үлкен қажеттілік сақталып отыр, бұның Орталық Азияға ғана емес, бүкіл әлемге де қатысы бар», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Қару-жарақты қысқарту және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың бастығы полковник Амангелді Әубәкіров.
2009 жылдан бастап, ЕҚЫҰ жарылыс қауіпті заттарға қатысы бар мәселелер мен проблемаларды шешу үшін Орталық Азия мен Ауғанстан мемлекеттері арасында ынтымақтастық тетігін әзірлеуге техникалық көмек көрсетуде.