ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігінің жаңа кодекстеріне арналған семинарды ұйымдастыруда
АСТАНА, 23 желтоқсан 2014 жыл - Бүгін Астанада басталған төрт күндік семинар-тренинг жұмысына Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс жөніндегі комитетінің елдің әр аумағынан келген тергеу және жедел бөлімшелерінің, ішкі қауіпсіздік департаментінің 70-тен астам қызметкерлері қатысуда.
Ғалымдар мен сарапшылармен бірге олар 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстері және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген қылмыстық сот төрелігі саласындағы жаңа құқықтық институттар мен нормаларды талқылайды.
Ұлттық құқықтық сарапшылар қылмыстық және әкімшілік сот төрелігінің жаңа моделіне шолу жасап, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың дәл жіктелуі, Қылмыстық кодекстің жекелеген мақалаларын, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтарды, талдаудың қиындықтары, тергеу судьясы және процессуалдық прокурордың енгізілген институттарының iс жүргiзудегi жағдайы, құпия тергеу амалдары, пробациялық бақылау мәселелрі және басқа да заңнама жаңалықтары туралы айтады. Қылмыстық сот төрелігінің жаңа кодекстері шеңберінде экономикалық тергеу қызметі қызметкерлері қолдануы тиіс тергеу әдістеріне ерекше назар аударылады.
«Жаңа әкімшілік, қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасына көшу тұрғысында жауапты лауазымды қызметкерлердің жаңа заң ережелерін қолданудағы кәсіби дайындығы құқықтық жүйенің тиімді жұмысын қамтамасыз етуі үшін маңызы зор болып табылады» - деді елші Наталия Зарудная, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы. «Бүгінгі семинар ағымдағы қылмыстық сот төрелігі реформасының мәнін түсінуге көмектеседі және экономикалық тергеу қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттырып, сол арқылы жақында қабылданған кодекстерге сәйкес жұмыс жүргізуге ықпал етеді» - деді Орталық басшысы.
Серік Биекенов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің оқу-әдістемелік орталығы жетекшісінің орынбасары: «Қылмыстық және әкімшілік сот төрелігі реформасының ағымдағы кезеңінде мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін заңнамалық өзгерістерді қоғамның қажеттіліктері мен өмір шындығына сәйкес бейімдетуге байланысты тапсырма қойылды», - деді.
Семинарды ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік Кірістер комитетімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Бұл семинар 2014 жылы Орталықтың қолдауымен өткен Қазақстандағы жаңа қылмыстық сот төрелігі және әкімшілік заңнамасы бойынша 2000-нан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің білімін жетілдіруге бағытталған оқыту іс-шаралары топтамасын тәмамдауда.