Орталық Азия жастар желісінің түлектері Венада ЕҚЫҰ жұмысымен танысуда
Орталық Азия жастар желісінің (CAYN) алты өкілі 2014 жылы 7 қарашада Венаға ЕҚЫҰ институттарының жұмысымен және Ұйымның қауіпсіздік мәселелеріне қатысты кешенді тәсілімен танысу мақсатында өзінің үш күндік ресми сапарын аяқтады. Сапарды ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы Орталық Азиядағы ЕҚЫҰ басқа дала миссияларының, ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ Миссиясының және Шиеленістерді болдырмау орталығының қаржылық және логистикалық қолдауымен ұйымдастырды.
Студенттер үстіміздегі жылы тамызда өткен және желінің 10 жылдығына орайластырылған CAYN семинарының жұмысына қосқан сүбелі үлесі негізінде таңдап алынды. Мерейтойлық іс-шара барысында жастарды саясатқа, бизнеске, азаматтық қоғам қызметіне тарту және демократия мен адам құқықтарының дамуына көмектесу мәселелері талқыланды. Семинарға Орталық Азия, Ауғанстан мен Монғолия университеттерінің 70 студенті мен түлегі, сондай-ақ Қазақстанның, Қырғызстанның, Швецияның, Америка Құрама Штаттарының, Өзбекістанның парламентарийлері, саясаткерлері мен академиялық және іскерлік топ өкілдері, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. «Жастар мен ЕҚЫҰ: қатысу мәдениетін құру» тақырыбы ЕҚЫҰ-дағы Швейцария өкілдігінің 2014 жылғы басымдықтарын көрсетті. Сонымен қатар семинар шеңберінде жастар саясаты жөнінде әзірленіп жатқан ЕҚЫҰ іс-қимылдарының жоспары талқыланды.
Венаға танысу сапары барысында түлектер ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің сессиясына қатысты және ЕҚЫҰ Хатшылығының түрлі бөлімшелерінің, соның ішінде Шиеленістерді болдырмау орталығының, Коммуникациялар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің өкілдерімен, Бұқаралық ақпарат құралдары бостандығы мәселелері өкілімен, Трансұлттық қауіптер департаменті мен Адам саудасына қарсы әрекет ету мәселелерінің Арнайы өкіл және үйлестірушісі кеңсесінің өкілдерімен кездесті. Студенттер ЕҚЫҰ жұмысымен және оның келелі мәселелерді шешу әрі қауіпсіздік қатерлеріне орай әрекет ету тәсілдерімен, сондай-ақ ЕҚЫҰ-дағы Швейцария өкілдігінің 2014 жылғы басымдықтарымен танысты. Олар ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ Миссиясының және Қазақстан, Ресей мен Швейцария делегацияларының өкілдерімен кездесті, сондай-ақ Венадағы Патша Абдулла бин Абдулазиз атындағы дінаралық және мәдениаралық халықаралық орталыққа барды.
Орталық Азия жастар желісі 2004 жылы білімді кеңейту және табысты студенттердің қазіргі қауіпсіздік қатерлері мен осындай қатерлерге орай әрекет етудегі ЕҚЫҰ рөлін түсіну мақсатында құрылды.