ЕҚЫҰ Қазақстанда саяси партиялық жүйені жақсарту бойынша шараға қолдау көрсетуде
АСТАНА, 6 маусым 2014 ж. – Бүгін Астанада Қазақстанда нормативті-құқықтық базаны жақсарту мен саяси партиялық жүйенің ілгері дамуына арналған дөңгелек үстел өтті.
Шара ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының «Қазақстанда парламентшілікті дамыту қоры» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Парламенттегі саяси фракциялардың қызметін жақсарту» атты көп жылдық жобасының аясында ұйымдастырылды. 40-қа жуық Парламент депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік шенеуніктер, сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанда саяси партиялық жүйені ілгері дамыту мен парламентшілікті алға бастыру жолдарын талқылау мақсатымен жиналды.
Шараға қатысушылар демократиялық басқаруға қатысты ең озық халықаралық тәжірибеге шолу жасады, елдегі саяси партиялық жүйені ары қарай реформалауға қатысты саяси партиялармен болған консультациялар нәтижелерін қарастырды және парламенттік фракциялар қызметінің тиімділігін арттыру жолдарын талқыға салды.
«Партиялар қоғамдық мүдделер мен мұқтаждарды саяси идеялар мен бағдарламаларға айналдырумен қатар, үкіметтің қызметіне қоғамдық бақылау орнатуды қамтамасыз етуде де билік пен қоғам арасында байланыс арнасы ретінде жұмыс жасайды», - деді елші Наталья Зарудная, ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы. «Басқа жағынан қарағанда, мықты тәуелсіз, өз сайлаушыларына есепті саяси партиялар тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, тұрақтылыққа үлес қосады».
Ұлттық сарапшылар аталған жоба аясында саяси партиялармен өткізілген консультациялар Қазақстан Республикасының сәйкес заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша келісілген ұсыныстарға алып келді деп атап өтті. Олар саяси партиялар арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою бойынша алдағы жұмыс саяси плюрализмнің дамуы мен партиялар арасында өзара ықпалдастықты нығайтуға жағдай жасайды деп баса айтты.
Семинар ЕҚЫҰ орталығының Қазақстанда саяси плюрализмге қолдау көрсету жолындағы ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі болып табылады.