Құқыктық жүйені дамыту мәселелері - ЕҚЫҰ қолдауымен Астанадағы конференцияның назарында
АСТАНА, 30 мамыр 2014 жыл – Қазақстандағы ұлттық заңнаманы реформалаудың қазіргі үдерісі шеңберіндегі беталыстар мен проблемалар бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен Әділет министрлігінің Заңнама институты ұйымдастырған конференцияда талқылаудың басты тақырыбына айналды.
Жоғары лауазымды үкімет мүшелері, парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, құқық саласының мамандары мен сарапшылар – барлығы 90 жуық қатысушы Қазақстанда заң актілерін шығару мен оларды іске асыруға байланысты кең шеңберді қамтитын мәселелерді талқылаудан өткізді. Мұндағы талқылау қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстері, сонымен қатар әкімшілік, еңбек және азаматтық іс жүргізу құқығы салаларын қамтыды. Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат концепциясы және «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында белгіленген басымды бағыттарға сай құқық жүйесінің дамуы мәселесі ерекше атап айтылды.
Қазақстан Республикасының Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина: «Ағымдағы құқықтық реформа қоғамның жемісті дамуына септігін тигізетін мақсаттардың бірі болып табылады. Ұлттық заңнаманы реформалау барысындағы іс-әрекетімізде Конституция үстемдігі қағидалары мен нормаларын терең ұстануымыз қажет. Бұл орайдағы жұмыстың барысында заң актілерінің сапасы мен мағынасы жоғары маңызға ие болып отыр», - деді.
«Әрбір мемлекеттегі стратегиялық даму бағдарламаларының нәтижелі іске асырылуы тиісті заңнаманы талап етеді. Осыған байланысты нәтижелі заңнама әрбір мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдағы дамуының іргетасы болып табылады», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы Наталия Зарудная. «ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы өзінің мандаты шеңберінде Қазақстандағы заң шығарудың айқын әрі сапалы болуына арналған осындай талқылауларды жүйелі түрде қолдап келеді», - деді Орталық басшысы.
Конференция бұрын Қазақстанның Әділет министрі болған және ел тарихындағы көрнекті заңгерлердің бірі Нағашыбай Шәйкеновтің естелігіне арналды. Ұйымдастырушылар болашақтағы іс-шараларды оның құрметіне арнап, «Шәйкенов оқулары» атымен өткізуді жоспарлауда.
Конференция Қазақстандағы құқық жүйесін реформалау барысын қолдаудағы Орталықтың ұзақ мерзімді жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.