Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен қылмыстық-атқару заңнамасын реформалауға арналған аймақтық конференция өткізілуде
АСТАНА, 14 наурыз 2014 ж. – Орталық Азиядағы қылмыстық-атқару жүйесі заңнамасын реформалаудағы негізгі үрдістер мен проблемалар бүгін ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының қолдауымен Қазақстан елордасында өткен аймақтық конференцияның басты назарында болды.
Бүгінгі іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген 150 жуық қатысушы, соның ішінде жоғары лауазымды мемлекеттік органдар өкілдері, парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қауымдастық, адвокаттар алқасының өкілдері, сонымен қатар құқық саласының жергілікті және халықаралық сарапшылары қатысты.
Конференция Орталық Азия мемлекеттеріндегі жүргізіліп жатқан пенитенциарлық жүйені жаңарту мен қылмыстық-атқару заңнамаларын реформалау үдерісіне арналды.
Қатысушылар пенитенциарлық жүйені ізгілендіру мен демилитаризациялау, бұрын сотталғандарды қайтадан әлеуметтендіру мен қоғамға қайтару , өлім жазасын біртіндеп алып тастау мен оның баламасын қолдану сияқты мәселелерді талқылаудан өткізді. Сонымен қатар олар пробация қызметі және өмір бойы сотталғандардың ахуалы туралы ерекше атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстанның Парламент Мәжілісі қарауына берілген ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы жайлы айрықша сөз қозғалды.
«Түрмеде ұстау жағдайлары мен қылмыстық жазалаудың саясаты ел азаматтары мен адам құқықтарына деген үкімет көзқарасының өзіндік айқындаушысы болып табылады», - деп айтты елші Наталья Зарудная, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталықтың басшысы. «Мен Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде ашық, дұрыс басқарылатын, сотталғандарды оңалтуға бағытталған пенитенциарлық жүйе мен заңнаманы құруға бүгінгі іс-шара өз септігін тигізеді деген үміттемін», - деді Орталық басшысы.
«Қылмыстық саясатты ізгілендіру, заңнаманы ырықтандыру және бұрын абақтыда отырғандарды қайта әлеуметтендіру мәселелері Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін реформалау барысында басты назарға ие болып отыр», - деп Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев айтты.
Конференция ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетімен, Халықаралық абақты реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігімен брлесіп, Ұлыбританияның Астанадағы елшілігі, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының аймақтық басқармасы қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара қылмыстық заңнаманы реформалау барысында үкімет пен азаматтық қоғамға жәрдем жасауда орталықтың ұзақ мерзімді жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.