ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін реформалау шеңберінде парламенттік сарапшылардың бірқатар кездесулеріне қолдау көрсетуде
2013 жылы 11-13 желтоқсан аралығында ҚР Парламентінің төменгі палатасы Мәжілісте ЕҚЫҰ қолдауымен қылмыстық сот өндірісі мен қылмыстық-атқарушылық заңнаманың жекелеген тұстарына қатысты сарапшылардың қатысуымен үш кездесу өтті.
ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы мен Парламенттің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеті, «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» мемлекеттік емес ұйымы және Халықаралық абақты реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі бірлесіп өткізген іс-шараға Украина мен Ресей Федерациясының құқық саласындағы жетекші мамандары қатысты.
Іс-шара ҚР Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқарушылық кодекстерінің заң жобаларын әзірлеп жатқан құрамында мемлекеттік қызметшілер, ғылыми қауымдастық өкілдері, судьялар, заңгерлер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бар Парламенттік жұмыс тобына қолдау көрсетуге бағытталған.
Мұндай арнайы жиындар тәжірибе алмасу арқылы қылмыстық сот өндірісі және пенитенциарлық жүйенің реформасының кеңейтілген түрде талқылануына өз үлесін қосатындығы анық.
Бірінші отырыс барысында басты назар Қазақстанның заң жүйесінде Кеңестік заманнан қалған қылмыстық процестің сотқа дейінгі арнайы кезеңі - қылмыстық істің қозғалу сатысының жойылуы мәселесіне аударылды. Екінші отырыс шартты, мерзімінен бұрын босату бағдарламасына, ал соңғы отырыс қылмыстық сот өндірісінде сот бақылауын күшейту мәселесіне бағдар алды.
Сарапшылардың бірқатар жиындары ЕҚЫҰ қылмыстық сот төрелігін реформалау үдерісінде ҚР үкіметтік билік пен мемлкеттік емес ұйымдарына қолдау көрсету бойынша тұрақты атқаралып отырған жұмыстардың аясында өткізілуде.