ЕҚЫҰ Халықаралық адам құқықтары күнінде Қазақстанда «World Press Photo» көрмесі мен студенттер конференциясына қолдау көрсетті
АЛМАТЫ/АСТАНА, 10 желтоқсан 2013 ж. – Бүгін аталып өтетін Халықаралық адам құқықтары күніне орай ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының қолдауымен толеранттылық пен кемсітпеушілік тақырыбына арналған студенттер конференциясы өткізіліп, Орталық Азияда тұңғыш рет «World Press Photo» көрмесі ұйымдастырылды.
Каспий қоғамдық университетінің ұйымдастыруымен өткен конференцияға Астана мен Алматы қалалары университеттері заң факультеттерінің 40 жуық студенті қатысып, толеранттылық пен кемсітпеушілік мәселелеріне қатысты өз ойларымен бөлісті. Бұған қоса, конференция барысында Қазақстанның құқықтық міндеттемелері, адамның құқықтары мен бостандығын қорғау бойынша заңнама жөнінде, лаңкестікке, зорлық-зомбылықты экстремизмге қатысты мәселелер жөнінде, тепе-теңдік пен әділдік қағидаларының негізінде бірдей мүмкіндіктер беретін қауіпсіз қоғамды құрудағы мемлекет пен азаматтық қоғамның орны жөнінде сөз қозғалып, талқыға салынды. ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі Наташа Рашич: «Толеранттылық пен кемсітпеушілікті қоса алғанда, қауіпсіздіктің басты аспектілері бойынша жастарға тәлім беруде мұндай шаралардың маңызы зор. ЕҚЫҰ бұл салаға қолдау көрсете отырып, әлеуметтік осал топтардың мұқтаждығына бейжай қарамайтын қоғамның лаңкестік пен экстремизмге қарсы мызғымас, әділ және демократиялық иммунитетін қамтамасыз етуде өз үлесін қосып отыр», - деп атап өтті.
Каспий қоғамдық университетінің ректоры Жолдасбек Нүсенов: «Аталмыш конференция Қазақстан аумағында Адам құқықтары институттарының қалыптасуына өз үлесін қосып, мәдени және діни салт-дәстүрлердің алуандығына құрметпен қарауға үндейді. Бұл бізге этникалық және мәдени алуандылықтан туындайтын ықтимал кақтығыстарды алдын алуға және оларды бейбіт жолмен шешуге көмектеседі», - деді.
Аталған іс-шара ЕҚЫҰ Орталығының толеранттылық пен кемсітпеушілік, қауіпсіздік пен адам құқықтары мәселелеріне назар аударуға, сонымен қатар зорлық-зомбылықты экстремизм және лаңкестікке әкелетін қоғамдық құбылыстардың алдын алуға бағытталған әрекеттерді қолдау аясында өткізіліп отыр.
ЕҚЫҰ Орталығының, Еуропа Oдағының Делегациясы, Канада, Нидерланды, Норвегия және АҚШ елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылған «World Press Photo» көрмесі Астана қаласында ашылды. Көрмеде әлемнің 124 елінде түсірілген адам құқықтарының бұзылуы, кедейшілік, соғыс, зорлық-зомбылық, кемсітушілік көріністері айқын бейнеленген 150 жуық фотосурет көпшілік назарына ұсынылды.
«World Press Photo» көрмесі Орталық Азия аймағында алғашқы рет өткізіліп отыр. Бүгінгі іс-шара Халықаралық адам құқықтары күніне және БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясының 65 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Астана қаласында ашылған көрме 26 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Бұдан кейін көрме туындыларын 2013 жылы 28 желтоқсан мен 2014 жылы 11 қаңтар аралығында Қарағанды қаласында тамашалауға болады.
Толығырақ мәліметті http://www.worldpressphoto.org/2013-photo-contest сайтынан алуға болады.