ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы азаптауды алдын алудың ұлттық механизмін зерттеу мақсатында Cловенияға таныстыру сапарын ұйымдастырды
Ағымдағы жылдың 11-12 ақпан аралығында ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы Азаптау мен қатыгездікке қарсы алдын алудың ұлттық механизмін (АҰМ) қолдануда Словения елінің тәжірибесімен таныстыру мақсатында Қазақстан өкілдері үшін Любляна қаласына сапар ұйымдастырды.
Таныстыру сапары Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл кеңсесі (омбудсмен) және Халықаралық абақты реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі қолдауымен іске асты.
Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Асқар Шакиров пен оның словениялық әріптесі Власта Нуссдорфер қос мемлекетте АҰМ қалыптастыру жөнінде тәжірибелерімен алмасты. Бұл механизмді ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалогты жолға қоюдың қажеттілігі туралы сөз қозғалып, аталған жолда омбудсменның үйлестіруші рөлі талқыланды.
Таяуда қабылданған АҰМ жөніндегі заңнама 2008 жылы Қазақстан ратификациялаған Азаптауға қарсы БҰҰ Конвенциясының факультативтік хаттамасына сәйкес бас бостандығынан айыру орындарына, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы мекемелерге Ұлттық омбудсмен мен азаматтық қоғам өкілдерінің тұрақты барып қарауының жүйесін қалыптастырды.
Сапар барысында қазақстандық делегация мүшелері Нова Горица қаласындағы Копер арнайы пенитенциарлық мекемесін мониторингтік бақылауға қатысып, АҰМ-ның іс жүзінде атқарылуы жайлы түсінік алды.
Аталған таныстыру сапары АҰМ ілгері дамыту ісі аясында Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам ұйымдарына қолдау көрсетудегі күш-жігерінің құрамдас бөлігі болып табылады.