Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы қатыгездіктен зардап шеккендерге арналған әлеуметтік қызметтер туралы ұлттық диалогқа қолдау көрсетуде
АСТАНА, 2013 жылғы 24 мамыр – Қатыгездіктен зардап шеккендердің, соның ішінде адам саудасы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының арнайы әлеуметтік қызметтерге қолжетімдігін қамтамасыз ету мәселелері ЕҚЫҰ қолдауымен Астанада өткен ұлттық және халықаралық сарапшылардың кездесуіндегі талқылаудың басты тақырыбы болды.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетімен және Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымның (ХКҰ) уәкілдігі тарапынан ұйымдастырылған шараға 70 жуық қатысушы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, атқарушы биліктің уәкілетті органдарының, халықаралық ұйымдардың және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара адам саудасының құрбандарына арналған арнайы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік мәселелерін шешуді қарастыратын Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмысқа қарсы күрес және оны алдын алу жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған ұлттық жоспардың аясында өткізілді.
Қатысушылар заңнама, құқық қолдану практикасы мәселелерін, адам саудасы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен бірге қатыгездіктен зардап шеккендерге көмек көрсетуде орын алған проблемаларды және кедергілерді талқылады. Талқылау барысында адам саудасы құрбандары сияқты қатыгездіктен зардап шеккендерге арналған «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» қолданыстағы заңмен байланысты бірқатар мәселелер көтерілді және оны жақсарту бойынша ұсыынстар айтылды. Чехия, Молдова, Сербия, Ұлыбританияның халықаралық сарапшылары қазақстандық серіктестермен осы мәселе бойынша өз елдеріндегі тәжірибемен бөлісті.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы, елші Наталия Зарудна өз сөзінде: «Мемлекет зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге байланысты барлық мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдарға және қайырымдылық ұйымдарына толық сенім артпауы қажет және арта алмайды. Қылмыскерлерді жазалау, сонымен қатар қатыгездіктен зардап шеккендерге қызмет көрсету сияқты мәселенің екі жағы осы тәріздес қылмыстармен күресуде және оларды алдын алуда маңызды орын алады, ал мемлекеттің осы мәселеге араласуы міндетті шарт болып табылады», -деп атап өтті.
Светлана Бычкова, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрайымы: «Қазақстан қатыгездіктен зардап шеккендерді қорғау және адам саудасы құрбандарының әлеуметтік қорғау жүйесін жақсартуды жалғастыруда. Құрбандарға құқықтық кеңес беру, психологиялық және қаржы көмегін алуға септігін тигізетін сенімнің және кәсіби қызмет көрсетудің қалыптасуы адамдардың осы осал тобын қорғаудың келесі қадамдары болуы тиіс».
Ұлттық диалог ЕҚЫҰ Орталығының Қазақстанға жанұядағы зорлық-зомбылықпен және адам саудасымен күрес саласындағы заңнаманы және практиканы реформалауда қолдау көрсетуге бағытталған ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі болып табылады, әрі аталған мәселе Украинаның 2013 жылы ЕҚЫҰ төрағалығының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.