Астанада ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумына Ұлттық дайындық конференциясы өткізілді
Астана, 25 маусым 2013 - Бүгін Астанада ЕҚЫҰ-ның қолдауымен қоршаған ортаға энергетикалық өнеркәсіптің ықпал етуін азайту, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу стратегиясына жәрдемдесу мәселелері және қоршаған ортаны қорғау бойынша демократиялық қағидаттар жөніндегі Орхус конвенциясының 15 жылдығына арналған екі күндік Жоғары деңгейдегі ұлттық конференция өз жұмысын бастады.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Жоғарғы Сот, Қазақстан Республикасындағы Норвегия Корольдігінің елшілігі және Ұлттық Орхус орталығы бірлесе отырып ұйымдастырған іс-шара 160-тан астам қатысушыны, оның ішінде Үкімет өкілдерін, Парламент депутаттарын, шетелдік және жергілікті бизнес құрылымдарының өкілдерін, ғылыми қауымдастық сарапшыларын, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жинады.
Баяндама жасаушылар жаңа технологиялар туралы сөз қозғады және энергетикалық тиімділік, жаңартылатын энергия көздері, төмен деңгейлі көміртектік даму, экологиялық таза өндірістер және қоршаған ортаны басқаруға қоғамның қатысуы сияқты тақырыптар бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибемен бөлісті. Конференция ағымдағы жылғы 11-13 қыркүйекте Прагада өтетін ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумының қорытынды отырысына арналған ұлттық ұсыныстарды әзірлеуге көмектеседі.
«Жасыл экономикаға көшу жыл сайын шамамен 3-4 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестицияларды қажет етеді, осылайша, бұл Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылуына жәрдемеседі», - деді Бектас Мұхамеджанов, Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары.
«Жасыл экономика әр мемлекеттің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа дамудың парадигмасы болып табылады. Бұл салада ЕҚЫҰ міндетті түрде белсенді рөл атқаруы қажет», - деп атап өтті Айткүл Самақова, Парламент Мәжілісінің депутаты.
Іс-шараның жұмысын бастай отырып, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Наталия Зарудна ЕҚЫҰ-ның экономика және қоршаған орта саласындағы қызметін үйлестіруші Халил Юрдакул Йигитгюденнің жолдауын оқыды. Жолдауда «2013 жылдың барысында Қазақстан Республикасы өкіметінің өкілдерімен қатар, Қазақстан азаматтық қоғамының өкілдері де форумды дайындау жұмысына белсенді қатысты» деп айтылды. Елші Зарудна бүгінгі кездесудің нәтижесінде шығарылатын қортындылар Форумдағы әзірленетін ұсыныстарда ескерілетіндігін атап өтті.
Ic-шараның екінші күні судьялар корпусының және Қазақстанның аймақтық сегіз Орхус орталықтарының өкілдері БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Орхус конвенциясын жүзеге асыру мәселесі мен мемлекеттің қазіргі кездегі экологиялық проблемаларын талқылады. Сондай-ақ Конференция шеңберінде құқықтық мәселелер бойынша судьялар үшін және жергілікті іс-қимыл жүргізу бойынша сегіз Орхус орталықтарының қызметкерлері үшін екі жеке тренинг өткізілді.
ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумына дайындық бойынша Жоғары деңгейдегі бірінші ұлттық отырыс ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының бастамасымен алдыңғы жылы өткізілді.