Астандағы ЕҚЫҰ Орталығы дін немесе сенім бостандығы жөніндегі диалогқа септігін тигізуде
АСТАНА, 19 наурыз 2013 жыл – бүгін Астанада ресми тұлғалар, парламент депутаттары, дінбасылары, ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасының Дін істері жөніндегі агенттігі және Сыртқы Істер Министрлігі ұйымдастырған конференцияда конфессияаралық диалогқа қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Ой, ар-ождан, дін немесе сенім бостандығы ұстанымдарын жүзеге асыру жолдарын 100 жуық қатысушы талқылады. Діни төзімділіктің плюралистік және зайырлы қоғамдағы рөлі, қазіргі заманғы қауіптер мен тәуекелдерді шешудегі дін немесе сенім бостандығының маңыздылығы туралы мәселелер қарастырылып, сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның осы салада қабылдаған міндеттемелерінің орындалуына шолу жасалды.
Канада, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжаннан келген сарапшылар және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі ЕҚЫҰ Бюросының дін немесе сенім бостандығы мәселелері бойынша сарапшылардың Кеңестік тобы осы түбегейлі құқықты қамтамасыз ету және қорғау саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, осыдан басқа лаңкестікке әкеп соғатын зорлықты экстремизм және радикализациямен күрестегі өздерінің рөлдерін талқылады.
«Ой, ар-ождан, дін немесе сенім бостандығы ЕҚЫҰ шеңберіндегі ұзақ мерзімді міндеттемелердің бірі болып табылады» - деді өзінің кіріспе сөзінде елші Наталья Зарудная, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы. «Бұл іс-шара дін немесе сенім бостандығына, төзімділікке қолдау көрсету мен дискриминацияға жол бермеу барысында билік, діни бірлестіктер мен ғылыми қауымдастық үшін өзара құқықтар мен міндеттемелер бойынша диалогқа түсу мүмкіндігі болып табылады» - деп атап өтті ЕҚЫҰ Орталығының басшысы.
Ол осы конференцияның ЕҚЫҰ Орталығының Қазақстан үкіметіне және елдің үкіметтік емес секторына ЕҚЫҰ шеңберінде де, халықаралық ұстанымдар мен міндеттемелердің аясында да дінаралық диалогқа септігін тигізудегі қолдауының құрамдас бөлігі болып табылатындығын атап өтті.
Қайрат Лама Шариф, Қазақстан Республикасының Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы: «Біз «Діни қызмет туралы» заңының жүзеге асыру мәселесін түрлі алаңдарда талқылауға дайынбыз, соның ішінде бүгінгі іс-шара аясында талқылау да Қазақстандағы дін бостандығының ұстанымдары жөніндегі сындарлы диалогты жалғастырудың айнымас бөлігі болып табылады».