ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстанның жаңа қылмыстық-процессуалдық заңнамасын талқылауды жүргізуде.
АҚ-БҰЛАҚ, Қазақстан, 15 наурыз 2013 жыл – бүгін Алматы маңындағы Ақ-Бұлақта Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық заңнамасын реформалау бойынша дөңгелек үстел жұмысы басталды.
Ic-шараға үкімет мүшелері, парламент депутаттары, құқық мәселелері бойынша халықаралық және жергілікті сарапшылар, сонымен қатар Еуропа Кеңесінің Венециялық Комиссия өкілдері қатысуда.
Қатысушылар Республиканың Бас Прокуратурасының бастамасымен Кодекске енгізіліп отырған негізгі өзгертулерді талқылады. Бұл өзгертулер сотқа дейінгі процедураларды оңайлату мен реформалауды, кінәсін мойындау бойынша мәмілелерді енгізуді, сотқа дейінгі өндіріске куәгерлердің қатысуын қысқартуды және қамауға алуға рұқсат беру мәселелерін шешетін тергеуші судья институтын құру, одан басқа сот істерді қосымша тергеуге қайтара алатын тәжірибеден бас тартуды көздеп отыр.
Талқылау барысында басты назар сотта істің әділ қарастырылу құқығының сақталу мәселесі мен қылмыстық сот төрелігі саласындағы өзге халықаралық стандарттар мен міндеттемелерге аударылды.
«Тиімді, әрі әділетті қылмыстық-процессуалды заңнама қылмыспен, соның ішінде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күрестің негізі болып табылады» - деді Жаннет Клетцер, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы басшысының орынбасары. «Қазақстандағы ЕҚЫҰ Орталығы қылмыстық-процессуалды заңнаманы ЕҚЫҰ стандарттарына, халықаралық ұстанымдар мен міндеттемелерге сәйкес әзірлеу мен жүзеге асыруға көмектеседі және бүгінгі шара сол жұмыстың айнымас бөлігі болып табылады» - деп атап өтті Клетцер ханым.
«Қазақстан Республикасындағы қылмыстық заңнама реформасы қылмыстық процедураларды барынша тиімді әрі пәрменді қылуға бағытталып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және азаматтардың құқықтарын барынша тиімді қорғауға септігін тигізетіндей ету мақсатымен қылмыстық қудалауды және жалпы қылмыстық сот төрелігі жүйесін жетілдіруді көздейді» - деп сөйлеген сөзінде атап өтті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин.
Бұл шара Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасымен, Конституциялық Кеңесімен, Еуропалық Одақтың сот жүйесін реформалау жөніндегі жобасымен, Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен (IRZ), Нидерланды елшілігімен және «Адам құқықтары үшін хартия» жергілікті үкіметтік емес ұйымының қатысуымен ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел ЕҚЫҰ Орталығының Қазақстан Республикасында заң мен қылмыстық сот төрелігі институттарының басымдылығын нығайтуға бағытталған мемлекеттің және үкіметтік емес ұйымдардың күш салуларын қолдау бойынша жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.